Астанада аялдаманы сындырған жігіт қамауға алынды

Бүгін, 17:57
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада аялдаманы сындырған жігіт қамауға алынды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада кез келген вандализм және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне қарсы жүйелі күрес жүріп жатыр. Кезекті вандалды полиция қызметкерлері анықтап, жауапқа тартты, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнде 20 жастағы жігіт Ә.Молдағұлова көшесімен өтіп бара жатып, аялдаманың артқы әйнек қабырғасын теуіп сындырған. Бұл сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Оқиға орнына полиция жасағы жетіп, күдіктіні анықтап, ұстады», - деп жазылған қала әкімдігі таратқан ақпаратта.

Аталмыш іске қатысты сот оны 10 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды. Сондай-ақ, ер адам залалдың өтемін төлеуге міндетті.

Айта кетейік, Астанада «Тоқта, вандал» акциясы жалғасып жатыр. Оған волонтерлар, белсенділер, танымал спортшылар мен қала тұрғындары қолдау көрсеткен. Акцияның мақсаты – вандализмнің алдын алу және қаланы таза әрі тәртіпті сақтау.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлері прокуратурамен бірлесе отырып, вандализмге қарсы белсенді жұмыс жүргізеді. Мүлікті қасақана бұзу немесе зақымдау – 60 АЕК көлемінде айыппұл немесе 30 күнге дейін қамауға алу арқылы жазаланады.

Бұған дейін елорданың Нұра ауданында балалардың түнгі серуеніне қарсы рейд өткізілгенін жаздық.