Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінде 170 жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Еліміздің Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген жас жауынгерлер Отанға адал қызмет етуге ант берді.
Салтанатты шараға әскери бөлім басшылығы, сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты. Әскери бөлім командирі, подполковник Бағылан Дошаманов жас сарбаздарды құттықтап, Отан алдындағы жауапты міндеттерін абыроймен атқаруға тілектестік білдірді.
Іс-шара барысында әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен арнайы көрсетілім ұсынып, жауынгерлік шеберліктерін паш етті. Сондай-ақ дәстүрлі ән шырқалып, жиналған қауымға ерекше патриоттық көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, әскери ант қабылдаған жас сарбаздар алдағы бір жыл бойы Отан алдындағы борышын өтеп, белгіленген қызметтік міндеттерін атқарады.
Бұған дейін Ұлттық ұланда ЖИ мен цифрлық технологияларды қолдану мәселелері талқыланғанын жаздық.



