«Астана Тазалық» мамандары қандай әлеуметтік қолдауға ие

«Астана Тазалық» мамандары қандай әлеуметтік қолдауға ие
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлеріне арналған тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау тетіктері кеңейтіліп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кәсіпорын тарапынан жатақхана беру, пәтер кілтін табыстау және тұрғын үй сертификаттарын ұсыну сынды әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, кәсіпорын қызметкерлері үшін 80 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Онда маусымдық жұмысшылармен қатар мамандар мен олардың отбасылары да тұрады. Жатақханада тұрғындарға қолайлы тұрмыстық жағдай жасалған.

Жатақханада тұратындардың бірі – кәсіпорында машинист болып еңбек ететін Еркебұлан Әбдуәлиев. Ол «Астана Тазалықта» 11 жылдан бері жұмыс істейді.

«Жұмысым өзіме ұнайды. Осы жерде жүріп отбасын құрдым. Бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. 2025 жылдың соңына қарай кәсіпорын қызметкерлеріне арнап жатақхана берілді. Бізге де осы жерден орын бұйырды. Қазір отбасымызбен осында тұрамыз. Төрт баламыз бар. Екі бөлмелі пәтеріміз жайлы, жиһаздары да жаңа», – деді ол.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және мамандарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мамандар үшін спорт зал мен бассейн қарастырылған. Бұдан бөлек, жөндеуден өткізілген ғимарат негізінде 17 пәтер қызметкерлерге табысталған.

Ал биыл екінші деңгейлі банкпен жасалған келісім аясында 7 қызметкерге тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл сертификаттар пәтер құнының бастапқы жарнасының 50 пайызын жабуға мүмкіндік береді.

Сертификат алғандардың бірі – кәсіпорын машинисі Сәулет Жорабекұлы. Ол бұл мекемеде 6 жылдан бері еңбек етіп келеді.

«Астана Тазалық» мекемесінен 13 млн 250 мың теңгенің сертификатын алып отырмын. Яғни бұл – сатып алып жатқан пәтеріміздің бағасының 50 пайызы. Жұмысымыздың жауапкершілігі жоғары. Жазда да, қыста да өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, арнайы техникалар колоннамен жүріп көше тазалаған кезде жол бойындағы адамдар кейде сигналды естімей жатады. Әсіресе құлаққап таққан жастар ескертуді елей бермейді. Колонна арасына бөгде көліктердің кіруі де қауіпті жағдай туғызуы мүмкін. Дегенмен жұмысым өзіме ұнайды», – деді Сәулет Жорабекұлы.

Бұған дейін «Астана Тазалық» кәсіпорнында жүргізушілердің жұмысқа кіріспес бұрын заманауи құрылғылар арқылы тексерістен өтетіні туралы жазған болатынбыз.