Астана соты несие алғысы келгендерді алдаған алаяқтың бас бостандығын шектеді
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ақпараттық жүйе пайдаланушыларына қатысты бірнеше рет жасалған алаяқтық үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған К.-ның ісі бойынша айыптау үкімі жарияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сотта анықталғандай, К. 2025 жылғы 9 наурыздан 8 тамызға дейінгі кезеңде әлеуметтік желілер арқылы «Б» аккаунтында өздерінің байланыс деректерін қалдырған азаматтардың тізіміне қол жеткізіп, аталған тұлғаларға қоңырау шалып, өзін қаржы ұйымының менеджері ретінде таныстырған.
Залал келтірілгендерді алдап, несие рәсімдеу үшін алдын ала төлемдер қажет деген жалған түсінік қалыптастыру арқылы ол «қарыз ресімдеу үшін» ақша қаражатын аударуды талап еткен.
Ақша қаражаты түскеннен кейін К. жәбірленушілердің байланыс нөмерлерін бұғаттап отырған.
Қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде ол 33 жәбірленушінің жалпы сомасы шамамен 2,6 млн теңге ақшалай қаражатын иемденген.
Прокурор 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Қорғаушы тарап бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрап өтініш білдірді.
ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
«Жазаны тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде: кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін, 22-ден астам жәбірленушіге келтірілген зиянды өз еркімен өтеуін, сондай-ақ сотталушының жас болуын ескерді.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен К. алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын бірнеше өңір тұрғыны казинода ұтылған алаяққа алданып қалған болатын.