«Б» азаматы автокөлік бөлшектерін сату және жылдам жеткізу туралы онлайн-платформада жалған жарнама жасау арқылы Ақмола, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы тұрғындарының қаражаттарын жымқырған. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қосшы қаласы прокуратурасының нұсқауымен алаяқ ұсталып, оның іс-әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағымен (бірнеше рет жасалған алаяқтық) сараланды.
Күдікті алаяқтықты казинода ұтылған ақшадан туындаған қарыздарға байланысты жасағаны белгілі болды.
Сондықтан прокуратура азаматтарды барлық ақпаратты мұқият тексеріп, бейтаныс адамдардың түрлі қаржылық операцияларды онлайн режимінде жүзеге асыру туралы ұсыныстарын сынға алуға шақырады.
Бұған дейін елімізде заңсыз ойын бизнесін жүзеге асырумен айналысатын топ әшкереленгенін жаздық.