«Астана - сағына оралатын бақытты мекеніміз»: Светлана Айтбаева елорданың айрықша орны туралы
Астана күні қарсаңында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева елорданың ел өмірі мен отбасындағы айрықша орнына тоқталып, қала тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Әлемнің қай түкпірінен келсек те, Қазақстандағы өзіміздің өсіп-өнген ауылымызға, арайланған Астанамызға алып-ұшып жетсек, әрқашан көңілімізді қуаныш билейді. Себебі біздің қаламыз - әрбір күнмен, әрбір сәтпен жаңарып, жаңғырып, жасанып келе жатқан, өте бір әдемі, сұлу қала. Қай мемлекеттен келсек те, өзіміздің Астанамызға табанымыз тиген кезде «Шіркін, ауасы қандай таза! Шіркін, еңсесі қандай биік, көшелері қандай кең, адамдары қандай сұлу деп қуанамыз. Әуежайдан түскен бойда айтатын сөзіміз осы. Біздің еліміздің жүрегін елордамыз деп еркелетіп атауымыз да - қуаныштан, сүйіспеншіліктен, іңкәрліктен туған ойлар. Астанамызды өте қатты жақсы көреміз. Күннен-күнге, айдан-айға, жылдан-жылға еңсесі биіктеп келе жатқан елордамыз үшін көңіл марқаяды. Бас қаламыз кез келген елдің астанасынан кем емес. Бұл - аяғынан тік тұрып, нығайып келе жатқан мемлекетіміздің бет-бейнесі. Бұл - жаңалық пен жақсылыққа жаны құмар, бейбітшілікті сүйетін елдің көрінісі. Шалқыған әнге, күмбірлеген күйге арқау болған қаламызды небір сөз маржанына теңеуге болар», - деді өнер иесі.
Светлана Айтбаева елорданың өз отбасы үшін айрықша орнын аса сүйіспеншілікпен атап өтті.
«Астананың біз үшін орны өте ерекше. Біздің балаларымыздың қияға қанат қағып, Қазақстанымыздың атын шығарып, алаңсыз самғауына батасын беріп, шығарып салған қала. Бұл қалада Димаштың алғашқы, әлемнің түкпір-түкпірінен сан мыңдаған жанкүйерлерін жинаған концерттері өтті. «Бастау», « Арнау», Stranger, «Жиһангез» деген бірнеше концерттері ел есінде болар. 30-35 мың көрермен жинаған, Димаштың әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлері жиналған концерттер - елорда өміріндегі ерекше мерекелерге айналды.
Астананы барлық әлем жақсы көреді, Астанаға барлық әлем құмар. Біз айтатын, Ертай Ашықбаев жазған ән бар, «Келгендер Астанаға шаттанады, кеткендер сағынады Астананы» деген. Расында да, сол Астанадан алысқа кетсек, сағынамыз. Келгенде шаттанамыз. Астана - біздің балаларымыздың қанат қағып, самғауына жол ашқан қала. Үш баламыз да Астанадан іргелі білім алды. Қазір одан әрі білімдерін шыңдап, әлемнің әр түкпіріне сапарлап жүр. Бірақ бәрінің де сағына жететін, қуана оралатын Отаны - Қазақстан. Ең жақсы көретін мекені - Астана!», - деді талантты отбасының отанасы.
Светлана ханым барлық елордалықтарды Астана күнімен құттықтады.
«Мен Астананың барлық тұрғындарын ерекше мерекемен құттықтаймын. Еліміздің шаңырағы биік, іргесі берік болсын!» - деді ол.