Астана-Қорғалжын тас жолында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр
Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және тұрғындардың бірлескен күшімен еріген қар суын дала аймағына бағыттау мақсатында Астана-Қорғалжын республикалық автожолының жол төсемін көтеру шаралары қолға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта халыққа қауіп төніп тұрған жоқ. Жұмыстар тәулік бойы жалғасуда. Қазіргі уақытта шамамен 5 мың қап және 50 мың тонна инертті материал дайындалып, ұзындығы 800 метрге жуық топырақ үйіндісі салынды.


Оқиға орнында арнайы техника жұмылдырылып, Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Су тасқынының алдын алу және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
«Жұмыстарды ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы үйлестіріп отыр. Жалпы жағдай министрліктің бақылауында», - делінеді хабарламада.
Еске салсақ, Ақмола облысында «Шоптыкөл» бөгеті бұзылып, қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.