Астана күніне орай елордада ауқымды спорттық іс-шаралар өтеді
Астана күні қарсаңында елордада салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және қала тұрғындары мен қонақтарының белсенді демалысын ұйымдастыруға бағытталған ауқымды спорттық және бұқаралық дене шынықтыру іс-шаралары жоспарланған. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Спикердің сөзінше, мерекелік спорттық іс-шаралар маусым айының соңында басталып, әртүрлі жас санатындағы қатысушыларды қамтиды. Астана күнін мерекелеуге арналған барлық іс-шараларға қатысу да, көрермен ретінде тамашалау да тегін.
Республикалық және қалалық деңгейдегі чемпионаттар
Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар легі бүгін, 2 шілдеде, бастау алды. Мерекелік бағдарлама байдарка және каноэде есуден Астана қаласының дәстүрлі чемпионатынан басталды. Жарыс «Толқын» спорт кешенінің артындағы ескек есу арнасында өтіп жатыр. Чемпионат 4 шілдеге дейін жалғасады.
3 шілдеден бастап «Аспан» спорт кешенінде ересектер арасында асық атудан республикалық командалық чемпионат өтеді. Турнирдің ресми ашылу салтанаты 4 шілде күні сағат 12:00-де басталады. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен келген үздік асықшылар қатысады. 6 шілде күні жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Балалар жарыстары, ұлттық ойындар және көше спорты фестивалі
Қала күні аясындағы ең қызықты іс-шаралардың бірі – «Kids RUN» балалар жарысы. Спорттық іс-шара 4 шілде күні сағат 09:00-де Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында 300 метр, 500 метр және 1 шақырым қашықтықтарында жүгіруден өтеді. Жарыс «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылады. Оған 6 мен 15 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Қатысушылар саны 1000 адаммен шектелген. Қазір reg.elordasport.kz сайтында тіркелу жүріп жатыр. Қатысқан барлық балаға естелік медаль табысталады.
Дәл сол күні сағат 11:00-де «Ұлытау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қазақтың көнеден жеткен ұлттық ойындарының бірі – «Жілік сындырудан» республикалық турнир өтеді. Турнирде әр түрлі жас санатындағы қатысушылар білек күші мен төзімділігін сынап, өзара мықтыны анықтайды. Қатысушыларды тіркеу жарыс өтетін орында сағат 10:00-де басталады.
4 шілде күні сағат 10:00-де Sana Sport спорт кешенінің жанындағы скейт-паркте «Astana Day Mass Sports: Gorilla Power Your Instinct Tour 2026 – Urban Fest» көше спорт түрлері фестивалі өтеді. Скейтбординг, BMX, ролик спорты және самокат спортының әуесқойлары өз шеберліктерін көрсетеді. Тұрғындар көше спортының үздік өкілдеріне қолдау білдіріп, тамашалай алады.
Бұқаралық жүгіру жарыстары және қала аудандарындағы спорттық мерекелер
5 шілде күні сағат 08:00-де «Сарыарқа» ауданында «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында SARYARQA RUN бұқаралық жүгіру жарысы өтеді. Спорттық іс-шара барысында 16 жастан асқан қатысушылар 4 және 7,6 шақырым қашықтықты жүгіріп өтеді. Жарыс Ырыскелді қажы атындағы мешіттің жанындағы жағалауда ұйымдастырылады. Шамамен 1800 адам қатысады деп жоспарланған. Тіркелу reg.elordasport.kz сайтында жүргізіледі. Жарыс кезінде көлік қозғалысы тоқтатылмайды.
Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар елорданың басқа аудандарында да ұйымдастырылады. 4 шілде күні сағат 10:00-де «Сарыарқа» ауданындағы №105 Келешек мектебі аумағында әуесқой командалар арасында волейбол турнирі өтеді. Дәл сол күні 11:00-де «Нұра» ауданындағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Өмірді сезін» атты көңілді старт спорттық іс-шарасы ұйымдастырылады.
5 шілде күні сағат 09:00-де «Есіл» ауданындағы «Сармат-1» тұрғын үй кешенінде (Сауран көшесі, 3/1) тұрғындар арасында гір көтеру, арқан тарту және асық атудан ұлттық спорт түрлері бойынша отбасылық эстафеталар ұйымдастырылады.
Басты мерекелік спорттық іс-шаралар
Бас қаланың басты мерекелік спорттық іс-шарасы «Astana Day Mass Sports: «Жас Қыран» күрес фестивалінен бастау алады. Фестиваль 6 шілде күні сағат 10:00-де Алматы ауданындағы Триатлон паркінің Арқар көпірі астындағы спорт кеңістігінде өтеді. 14-15 жас аралығындағы әуесқой балуандар еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, дзюдо және грэпплинг бойынша белдеседі.
Сол күні сағат 12:00-де «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығына қарасты аумақта балалар мен ересектер арасында «Astana Day Mass Sports: «Астана сақасы» атты асық атудан жарыс өтеді. Додаға барлық ниет білдіруші қала тұрғындары қатыса алады.
Бұдан бөлек, ұлттық спорт түрлері бойынша бұқаралық жарыстар «Сарыарқа» ауданындағы Қорғалжын саябағында және Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда ұйымдастырылады. Бағдарламаға асық ату, гір көтеру, қол күресі және арқан тарту жарыстары енген.
«Толағай» алыптар турнирі
Қала күніне арналған мерекелік спорттық бағдарламаның қорытындысы ретінде сағат 16:00-де Астана қаласы әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда жыл сайынғы дәстүрлі «Толағай» алыптар турнирі өтеді. Дода барысында еліміздің ең күшті спортшылары өзара мықтыны анықтайды. Турнирге Қазақстанның үздік 20 палуаны қатысып, тас көтеру, зілтемірді ұстап тұру, арба тарту және өзге де күш сынасу кезеңдерінде бақ сынайды.
Жазғы әлеуметтік спорттық жобалар 30 мыңға жуық тұрғынды қамтиды
Мерекелік бағдарламамен қатар елордада жазғы кезеңде тұрғындарды спортпен тұрақты айналысуға тартуға бағытталған ауқымды әлеуметтік-спорттық жобалар жалғасуда.
8 маусымнан бастап қаланың барлық ауданында «Йога» және «Скандинавиялық жүріс» жобалары аясында тегін жаттығулар өтуде. Сабақтар «Жетісу», «Көктал», «Жерұйық», «Ататүрік», «Орталық» және «Президент» саябақтарында ұйымдастырылады. Жобалар аясында екі мыңға жуық тұрғынды қамту жоспарланған.
«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында Aula Fit жобасы жүзеге асырылуда. Елорданың барлық алты ауданындағы 30 аула алаңында тегін жаттығулар ұйымдастырылады. Жобаға 5 мыңнан астам адамның қатысуы күтілуде.
Шілде айының ортасынан бастап тамыз айының соңына дейін Aula Football жобасы іске қосылады. Оның аясында балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық футболды дамытуға бағытталған іс-шаралары ұйымдастырылады. Жобаға 2,5 мыңнан астам жас тұрғын қатысады деп жоспарланған.
Сонымен қатар «Өзіңнен баста!» және Street Workout жобалары да жүзеге асуда. Жаттығулар Триатлон паркінде, Ботаникалық бақта және Орталық саябақта өтеді.
Бұдан бөлек, жаз бойы жаппай жүгіру жарыстары, велошерулер және басқа да спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Оларға кәсіби спортшылармен қатар, белсенді өмір салтын ұстанатын барлық қала тұрғындары қатыса алады.
Жалпы алғанда, барлық әлеуметтік-спорттық жобалардың жиынтық қамту көрсеткіші шамамен 30 мың адамға жетеді деп жоспарланып отыр.
Аталған бастамаларды іске асыру халық денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты одан әрі дамытуға, дене шынықтыруды кеңінен насихаттауға және елорда тұрғындары арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін бермек.