«Астана-Энергия» АҚ энергия нысандарында цифрлық басқару жүйелерін бағалау жүргізілуде

«Астана-Энергия» АҚ энергия нысандарында цифрлық басқару жүйелерін бағалау жүргізілуде
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі мен Siemens энергонысандардағы цифрлық басқару жүйелерін бағалау бойынша пилоттық жобаны іске асыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Энергетика министрлігі Энергетика секторларын жаңғырту ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылымды (энергия және жылу өндіруші, энергия және жылу беруші ұйымдар) жаңғырту мен салу кезінде технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйелерін міндетті түрде жарақтандыру мен жаңғыртуды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешенін өткізді.

Министрлік Siemens компаниясымен бірлесіп, «Астана-Энергия» АҚ энергия нысандарында (1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО) SCADA-жүйелеріне пилоттық зерттеу жүргізді.
«Энергия нысандарында SCADA-жүйелерін пилоттық зерттеу кемелдік деңгейін анықтауға және энергетика саласындағы жаңғыртудың кешенді тәсілін қалыптастыруға бағытталған.
Жұмыс шеңберінде SCADA және АБЖ жүйелерінің ағымдағы жай-күйіне бағалау жүргізіліп, технологиялық және ақпараттық тәуекелдер анықталады, сондай-ақ энергия нысандары жұмысының сенімділігі мен тұрақтылығына әсер ететін түйткілді тұстар айқындалады», делінген хабарламада.

Пилоттық зерттеудің нәтижелері SCADA-жүйелерін жаңғырту, өнеркәсіптік және ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша бірыңғай талаптар мен ұсынымдарды қалыптастыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ еліміздің басқа да энергия және жылу өндіруші нысандарына озық тәжірибелерді кейіннен тарату үшін негіз болады.
Еске салсақ, елімізде көлеңкелі экономикамен күресу үшін деректерді талдаудың цифрлық платформасы құрылады.