Ақтөбеліктер брендті дүкенге инвестиция саламыз деп 72 млн теңгеден айырылды
Аталған қылмыстық іс бойынша әзірге 8 азамат жәбірленуші деп танылды. Ал келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 72 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың басынан бері Ақтөбе облысының тұрғындары Instagram әлеуметтік желісі арқылы Ақтөбе қаласында ұлттық нақыштағы киімдер мен аксессуарлар сататын дүкеннің қызметі туралы білген. Дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшасында брендті дамытуға және ілгерілетуге инвестиция салу арқылы жоғары табыс табуға болатындығы жөнінде ақпарат жарияланған.
Кейін дүкен иесі азаматтармен жеке кездесіп, өз брендіне қаржы салуды ұсынып, салынған инвестиция көлемінен ай сайын 10 пайыз көлемінде табыс төлейтінін, сондай-ақ дүкендегі кез келген тауарды сыйлық ретінде беретінін уәде еткен.
Жоғары табысқа сенген азаматтар оған өз қаражаттарын тапсырған. Алайда уәде етілген төлемдер жүргізілмей, салынған ақшалар иелеріне қайтарылмаған.
Қазіргі таңда істің барлық мән-жайын анықтауға және өзге де қылмыстық эпизодтарды тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Еске салайық, бұған дейін ақтөбелік заңгер криптовалюта мен алтын саудасына инвестиция саламын деп қаржысынан айырылған болатын.