Ақтөбеде зейнеткерге несие рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген күдікті ұсталды

Бүгін, 15:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбеде зейнеткерге несие рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген күдікті ұсталды
Фото: freepik.com

Ақтөбе қаласының 67 жастағы тұрғыны алаяқтық фактісі бойынша полицияға арызданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Зейнеткердің айтуынша, әлеуметтік желілердің бірінде белгісіз ер адам оған несие рәсімдеуге көмектесетінін ұсынған. Сеніміне кірген күдікті әйелді ұялы телефонына келген құпия СМС-кодты айтуға көндірген. Алынған мәліметтерді пайдалана отырып, ол жәбірленушінің атына микроқаржы ұйымынан 170 мың теңге көлемінде несие рәсімдеп, ақшаны өз пайдасына жаратқан.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 24 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, қажетті тергеу әрекеттері атқарылып жатыр.

Полиция департаменті азаматтарға ескертеді:

-ешкімге СМС арқылы келетін бір реттік кодтарды, құпия сөздерді және банк карталарының деректерін хабарламаңыз;

-несие, қарыз немесе мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге «көмектесеміз» деп ұсыныс жасайтын бейтаныс адамдарға сенбеңіз;

-банк пен микроқаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан құпия растау кодтарын сұрамайтынын есте сақтаңыз;

-кез келген қаржылық операцияны жасамас бұрын ақпаратты ұйымдардың ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз;

-осындай күмәнді ұсыныстар түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, полицияға хабарлаңыз.

Қарапайым сақтық шараларын сақтау сіздің қаражатыңызды қорғауға және алаяқтардың құрбаны болмауға көмектеседі.