Референдум-2026

Ақадыр мен Мойынты вокзалдары күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді

30 шілде, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ақадыр мен Мойынты вокзалдары күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысының Шет ауданында Ақадыр және Мойынты теміржол станцияларындағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметінше, екі ғимарат та 1936 жылы салынған. Күрделі жаңғыртудан соң олар жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сай келді.

Ақадыр станциясы арқылы тәулігіне 38 жолаушылар пойызы қатынайды. Сондықтан жолаушыларға қолайлы жағдай жасау жобаның басты міндеттерінің бірі болды. Вокзалдың күту залдарына заманауи кондиционерлеу жүйесі, жаңа жиһаз және пойыздар қозғалысының кестесін көрсететін электрондық ақпараттық тақта орнатылды. Билет кассасы толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы ата-аналарға арналған жеке күту бөлмелері, сондай-ақ заманауи талаптарға сай бейімделген санитарлық тораптар жабдықталды. Перрондардағы жарықтандыру жақсартылып, кез келген ауа райында пойыз күтуге қолайлы болуы үшін қорғаныш шатырын орнату жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар вокзал қызметкерлері мен теміржолшыларға арналған жаңа қызметтік бөлмелер пайдалануға берілді.

Елеулі өзгерістер Мойынты станциясында да жүзеге асты. Мұнда вокзал ғимараты ғана емес, вокзал маңы аумағы мен екі жолаушылар платформасы да қайта жаңғыртылды. Станция арқылы тәулігіне 34 жолаушылар пойызы өтеді.

— Бүгін біз үшін ерекше әрі қуанышты күн – жаңғыртылған теміржол вокзалы келушілерге есігін айқара ашып отыр. Мұнда ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ғимарат толықтай заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Атап айтқанда, бұрын болмаған ана мен бала бөлмесі ашылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де барлық қажетті жағдай жасалды. Барлық жабдық пайдалануға берілді, бүгінде біз жолаушыларға жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге толық дайынбыз. Қазіргі таңда вокзал тәулігіне 200-ден астам жолаушыны қабылдай алады, – дейді вокзалдың аға кезекшісі Нұргүл Шоқпарова.

Жалпы Қарағанды облысында Балқаш-2, Мойынты, Ақадыр, Дария, Жарық, Жаңа Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау (жұп), Мырза, Нұра, Сарыбел станцияларындағы 10 вокзал және Теміртау, Айса, Қарағанды-Сұрыптау (тақ), Сарышаған станцияларындағы төрт жолаушылар платформасы жаңғырту жұмыстарымен қамтылды.

Еске салсақ, Қарағанды облысында сондай-ақ Дария және Мырза станцияларының вокзалдары жаңғыртылған болатын.