Алматы облысында қызды жарты жыл бойы аңдыған ер адам қамалды

Бүгін, 17:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Алматы облысында қызды жарты жыл бойы аңдыған ер адам қамалды
Фото: freepik.com

Алматы облысында қызға сталкинг жасап, жарты жыл бойы қудалаған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сот материалдарына сәйкес, ер адам былтыр қыркүйек айынан бастап жәбірленушіні еркіне қарсы жүйелі түрде мазалаған. 

«Ол бірнеше рет қоңырау шалып, WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы хабарламалар жіберген. Жәбірленуші оны бұғаттағаннан кейін де байланыс орнату әрекетін тоқтатпаған. Тіпті Kaspi.kz қосымшасы арқылы жәбірленушінің шотына аз мөлшерде ақша аударып, аударым мәтініне хабарламалар жазып отырған. Бұл әрекеттер бірнеше рет қайталанған», – делінген сот хабарламасында.

Салдарынан жәбірленуші үнемі үрей мен қорқыныш сезімін бастан кешіріп, ұйқысы бұзылған. Оның психикалық жай-күйіне елеулі зиян келіп, қалыпты өмір салты өзгерген.

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы (сталкинг) бойынша кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұдан бұрын Шымкентте сталкинг жасаған екі күдіктінің қамауға алынғаны туралы жаздық.