Әлем чемпионатына ауылдан қол бұлғау - 1
... Футболдан әлем чемпионаты аяқталды! Чемпионаттың басында болмасам да, соңғы нүктесін қойған сәтіне куә болдым. Бұл – менің спорт журналисі ретіндегі, футболды сұлудай сүйетін жан ретіндегі басты бақытым!
... Финалда ойнаған Испания мен Аргентина құрама командаларының ойынының бір секундын жібермей көрдім! Ойын соңындағы төбелесті де көрмес көзім көрді... Одан кейінгі жеңімпаз бен екінші жүлдегерлерді марапаттау рәсімін де көзіме жас ала отырып тамашаладым. Испания командасының аспан мен жердің арасында қалықтап жүргенін де, Аргентина командасының, керісінше, қара жерге кіруге тесік таппай, бір қарысқа да толмайтын алаң көгалына бастарын тыға жербауырлаған сәттерін де көзден таса қылмадым...

21-ші ғасырдың қайталанбас футбол тұлғасы Лионель Мессидің футболшы ретінде де, адам ретінде де үгітіліп, тастан қиыршаққа айналған сәтіне куә болып, болаттай берік жігерім құм болды, жалғыз жаным қазандағы қызған майға шыжғырылды, Мессимен көгалға «бірге аунадым», Мессимен бірге көз жасыма ерік бердім...
...Бірақ бұл финал жайлы да, финалдан соңғы футболдағы ақылы бар жанды бас шайқатып, жер тепкілетер оқиғалар жайлы да бірден жазбадым. Жаза алмадым! Біріншіден, мына ұлы да улы оқиғалар жайлы алақандай телефонды түртпектеп отырып, түк айта алмас едім. Екіншіден, финалдың 90 минут ойынын, 30 минут тойын өткізіп, үйге беттегеннің орнына, қосқаны бар, қосылғаны бар 150 минут ойынды, оған қосымша 50-60 минут футбол тойының шабатарқарын көрген басым, осы уақыт бойы стадиондағы 80 мыңнан аса жанкүйердің сіресіп отырып барып, бәрі біткенде тосқауылды бұзып кеткен тау суы секілді қақпаларға лап қойғанында барар жерің түгілі кеудеңдегі жаныңның қайда екенін ұмытып қалатын сәтті бастан кешкенім бар. Үшіншісі, және ең бастысы, футболды білемін, түсінемін, сүйемін дейтін жандардың өлім түгілі өкпеге қимайтын адамы Лионель МЕССИ көгалда домалап жатқан суреті кеудеде көнергенше, көзден толық тасаланғанша, бір ауыз сөз жаза алмадым! Жазбадым! Жаза алмайтын едім! Жазбағаным жөн еді! Жазсам да МЕССИ-ҚҰБЫЛЫС жайлы осы бір ширек ғасыр жинаған қазынамды толық ақтара алмас едім!

Өйткені, әңгіме әлем чемпионының финалдық ойыны жайлы болса да, жеңген Испания құрама командасы мен жеңілген Аргентина футболшылары туралы болса да, біз – футболды білетін, түсінетін, сүйетін, бүкіл бес құрылықты жайлаған миллиардтаған тірі жандар өзіміз білетін, өзіміз түсінетін, өзіміз сүйетін футбол атты өнерді сол миллиард жандардан артық ойнайтын Тұтас бір тұлғаны сол миллиардтардың көз алдынан мәңгілікке шығарып салып жатқан болатынбыз! Месси өлген жоқ! Ол – өлмейді! Ол кеудесінен жаны шыққан күні де өлмейді! Ол – қарапайым доп тебуден Бүкілғаламдық түсінікті адам баласы түсінбейтін дәрежеге дейін шарықтатып шығарып берген тұлға! Ол – Лионель Месси – футбол сиқыршысы!!!
... Финал бітісімен «Несіптің финалды көргені рас!» дегізу үшін асығыс бірдеңелер жазып, жариялай салмағаным жақсы болды: сол Нью-Йорктің түбіндегі Нью-Джерсидегі Метлайф стадионынан Нью-Йоркке, одан Филадельфия арқылы Бостонға жетіп, авиация заңы бойынша кеше ұшып келген нүктеңнен Дубай арқылы (ойланып, ақпарат оқуға көп көмегі тиді – өз басым тұңғыш көрген керемет оқиға: екі араға тынбай 14 сағат ұшқанымыз өз алдына, сол 14 сағатта ұшақтағы 300-ден аса жүргінші әлгі Wi-Fi-мен үйімен де, көршілерімен де тікелей сөйлесіп, видео жіберіп, қабылдап отырды! – Н. Ж.) Алматыға жетіп, одан Астанадағы шаңырағыма жеткенім осы...

Осы үш тәуліктің бас-аяғында әлеуметтік желілерден ол финалдық ойын жайлы да, финалдағы жеңген-жеңілгендер жайлы да, ойынды суреттеудегі солақайлық жайлы да, әсіресе, Месси бастаған команданы «Жетектеген тазының түлкі алмасына...» жеткізе суреттегені жайлы да, Мессидің өзін суға салған күшіктей қылып көрсетіп, соған айыздары қанып отырған футболдағы «соқыр» жандардың ысқылаған алақандарының сусылын да білгенім жақсы болды. Енді ол оқиғаларға финалдың бас-аяғы жайлы айта отырып, сол миллиардтың бірі ретінде, бірақ бір ауыз сөз айту үшін 100 ойланып, 1000 толғанып барып сөйлейтін аузы мен ақылына өзі ғана ие жан ретінде жауап бере кететін болдым.

Бүгінге осы жетер. Жолдан да, көтерер тақырыбымның ауырлығынан да шаршап отырмын. Болар финал болып, таратылар жүлде таратылды ғой. Ол жақта енді ештеңе өзгермейді. Өзгеріс болса футболды білетін, түсінетін, сүйетін жандардың жан дүниесінде болуы мүмкін. Егер өздері соны қаласа. Қаламаса, қала берер. Алла Тағаланың өзі бүгінгі жер басып жүрген 8,5 миллиард адамды сөйлесе келе, ойласа келе, таласа келе түсініссін деп 8,5 миллиард түрлі етіп жаратқан ғой.
Айтушынікі – өтініш. Тыңдаушынікі – қабылдау-қабылдамау. Бәрі – Жаратушының әркімнің басына құйған бір уыс сұйығынан. Бұл жолы адам емес, сол сұйық сынға түседі. Келесі жарияланымға дейін бастарыңыздың сол сұйық тұр-ау деген тұсын алақандарыңызбен бір сипап қойыңыздаршы...
Elordainfo.kz-тің футбол шолушысы Несіп Жүнісбайұлы