Алаяқтар «Қазақмыс» басшысының атынан жалған аккаунт ашып, ақша сұраған
Алаяқтар компания басшылығының, оның ішінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының атынан қызметкерлер мен азаматтарға хабарласуға көшті, деп хабарлайды Elordainfo.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты компания, жеке деректі ұсыну немесе ақша аудару туралы кез келген өтініш «Қазақмыстың» қызметіне қатысы жоқ және алаяқтық әрекет, деп мәлімдеді.
«Компания топ менеджерлері жеке нөмірден қоңырау шалмайды және мессенджер арқылы байланысқа шықпайды. Басшылық ешқашан ақша, құжат, құпия сөз немесе SMS код сұрамайды. Мұндай мазмұндағы кез келген өтініш – алаяқтық болып саналады», делінген хабарламада.
Алаяқтар әлеуметтік желі мен мессенджерде басшылардың жалған аккаунт ашып, солардың шынайы суреттін пайдаланады, сондай-ақ дауыс пен бейнені ұқсату үшін жасанды интеллект технологиясын қолданады.
Алаяқтардан қорғану үшін компания күмәнді қоңырау мен хабарламаға жауап бермеуге, жеке деректі (ЖСН, банк картасының нөмірі, құпиясөз) жария етпеуге, бейтаныс адамға ақша аудармауға, ақпаратты тек компанияның ресми арналары арқылы тексеруге кеңес береді.
Еске сала кетсек, полиция азаматтарды инвестиция саласындағы алаяқтардан сақ болуға шақырды.