Акбаржон Исмаилов: Сұхбат ойлануға, таразылауға жетелейді

5 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Акбаржон Исмаилов: Сұхбат ойлануға, таразылауға жетелейді
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының Turkistan газетіне берген сұхбаты – бүгінгі қазақ қоғамының рухани һәм зияткерлік ізденістеріне бағыт-бағдар беретін мазмұнды ойлар жиынтығы. Бұл сұхбаттан ел тағдырына деген терең жауапкершілік пен тарихи сананы сергек ұстайтын парасатты көзқарас анық аңғарылады. Мұндай пікірді  Қазақстан Халқы Ассамблеясының кеңес мүшесі Акбаржон Исмаилов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, патриотизм – тек сөзде емес, ел мен отбасының игілігі үшін жасалған нақты істерде көрінеді. Шынайы патриоттар – инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, фермерлер, әскери қызметшілер мен мәдениет қайраткерлері. Олар туған жерді таза әрі тәртіпті ұстап, әр ісімен Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Қазақстанның 35 жылдығына орай, Президент атап өткендей, бұл мерейтой – өткен жолды бағалап, жаңа жоспар жасауға мүмкіндік. Елдің дамуы, экономикалық жетістігі мен халықаралық беделі – біздің ортақ күшіміздің айғағы. Жастар энергияға, оптимизмге толы, азаматтық санаға ие буын. Бірақ шындықты қиялмен шатастырмай, нақты өмірде еңбек етуі маңызды», - деді спикер.

Акбаржон Исмаиловтың айтуынша, 2026 жыл – жаңа саяси трансформация мен экономикалық реформалар жылы.

«Президенттің сөзімен, азаматтар жаңа дәуірдің талаптарына бейімделуі тиіс. Биылғы жыл Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы ретінде жаңа мүмкіндіктер ашады, елімізді әрі қарай дамытудың жолын көрсетеді. Мемлекет басшысы сұхбатта «Таза Қазақстан» акциясына қатысты тоқталды, Президент ескерткендей, бұл – тек қоршаған ортаны ғана емес, ой тазалығы мен тәртіп, ортақ жауапкершілік, жақсылық пен қайырымдылық туралы қозғалыс. Тазалық – ұлттық менталитеттің өзегі. Біз оны өз ісімізбен көрсетуіміз керек. Бұл сұхбатты оқығанда, асығыс шешімге шақыруды көрмейсің. Керісінше, ойлануға, таразылауға, өз орныңды сезінуге жетелейді. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл сөзі - дабыл емес, бағдар. Ол бүгінгі күннің айғайынан биік тұрып, болашаққа тыныш қадаммен бет алуға үндейтін, мәні терең, мазмұны салмақты үндеу», - деп сөзін түйіндеді Акбаржон Исмаилов.

Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.