Айшықты оқиғалар: форумдар мен концерттер Астананы қалай тартымды етті
Астана елдің саяси ғана емес, мәдени астанасы ретіндегі мәртебесін де нығайтып келеді. Қала туристердің жиі келетін мекеніне, ірі форумдар мен фестивальдардың, концерттер мен қоғамдық іс-шаралардың тұрақты алаңына айналды.
Жарқын оқиғаларға толы қала тынысы
Форумдар, музыкалық концерттер, фестивальдар, көрмелер елордада жиі өткізіледі. Қала тіршілігіне ерекше леп беретін мұндай іс-шаралар Астананың әкімшілік орталық қана емес, жаңа идеялар мен іскерлік байланыстар жанданып, креативті шығармашылық коллаборация орнайтын мүмкіндіктер кеңістігі екенін көрсетіп отыр.


Бұл ретте биылғы бірінші жарты жылдықта Астанаға келген жалпы туристер саны 750 мыңнан асқан.
Тұрғындар мен туристердің және кәсіби қауымдастықтардың басын қосатын іс-шаралар елорданың халықаралық аренадағы рөлін күшейтуге септігін тигізеді. Сонымен қатар қаланың тынысын кеңейткен жарқын оқиғалар бизнес дамуы мен инвестициялар тарту үшін де оң әсерін беріп отыр.
Форумдар – идеялар мен кәсіби байланыстардың драйвері
Астанада жыл сайын экономика, медицина, кәсіпкерлік, білім беру, өнеркәсіп, креативті индустрия салаларында ондаған саяси және кәсіби форумдар өтеді. Бұл форумдар жаңа жобаларды дамытуға және мәдени бастамаларды қолдауға ықпал етеді.

Биыл қалада XII Flora Expo Astana халықаралық гүл шаруашылығы мен көгалдандыру, Komtrans Astana+ BUSexpo Astana және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері, VIІI халықаралық Astana Eurasian Book Fair - 2025 кітап жәрмеңкесі, Астана халықаралық форумы ұйымдастырылды.
Ал шілдеде өткен Comic Con Astana-2025 фестивалі рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Фестивальға 75 000-нан аса келуші тіркеліп, жалпы қатысулар саны 120 000-нан асқан. Олардың келу географиясы 36 елді қамтыды.


2024 жылы елордада 123 іскерлік іс-шара өткізілсе, 2025 жылдың соңына дейін оның саны 189-ға жетеді деген болжам бар. Бұл халықаралық ұйымдар мен компаниялардың елордалық инфрақұрылымға, форумдар мен көрмелер, концерттер өткізу мүмкіндіктеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай іскерлік және шығармашылық алаңдар тәжірибе алмасуға және кәсіби қауымдастықтардың өсуіне жағдай жасай отырып, мамандардың көкжиегін кеңейтеді.
Концерттер мен фестивальдар – елорданың ритмі
Музыкалық және мәдени іс-шаралар қаланы тартымды етеді. Мереке күндері Астана ауқымды концерттер мен интерактивті қойылымдардың, көше шоуларының орталығына айналады. Ерекше эмоциялық атмосфера құрып, мыңдаған тұрғын мен қала қонақтарын жинайтын мұндай мәдени іс-шаралар Астананың басты «магниті» болып отыр.
Камералық фестивальдардан бастап open-air концерттеріне дейінгі әртүрлі ауқымдағы осындай көптеген қолжетімді іс-шара қалалық ортаны жандыра түседі.


Ал мыңдаған шетелдік қонақты Астана төріне жинаған әлемге әйгілі жұлдыздар Jennifer Lopez пен Backstreet Boys тобының концерттері жылдың ең жарқын сәттерінің бірі болды.
Жаңа қалалық кеңістіктер – ашық аспан астындағы сахна
Елордада қоғамдық кеңістіктер көбейіп жатыр. Соның нәтижесінде қалада көше оқиғаларының ерекше мәдениеті қалыптасып келеді. Жаяу жүргіншілер аймақтары, саябақтар, алаңдар, жағалаулар адамдардың кездесіп, демалатын орны ғана емес, күндіз де, кешкілік те мәдени бағдарламаларды тамашалап, көңіл сергітетін орындарға айналуда.
Кеңістіктер әлеуметтік өзара әрекеттесуді күшейтеді. Мұндай орындар мегаполис үшін маңызды. Қазіргі таңда қаланың кез келген ауданында абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер бар.

Наурыз, Елорда күні, Республика күні, Жаңа жыл сияқты мерекелерде қаланың әр ауданындағы ашық аспан астындағы сахналарда эстрадалық жұлдыздардың қатысуымен концерттер дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.


Астана әкімдігінің мәліметінше, Тәуелсіздік күніне орай елордада 80-нен аса түрлі мерекелік және ресми іс-шаралар өткізілді.
Астана өңірдің тартылыс нүктесі іспеттес
Жарқын оқиғалардың артуы елорданың туристік тартымдылығына тікелей әсер етеді. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Астанаға мәдени және іскерлік туризм бағыты ретінде қызығушылық артқан.
Бүгінгі таңда қала ресми іс-шаралардың объективі арқылы ғана емес, сонымен қатар жаңа эмоциялар алуға, жарқын шоуларды көруге, заманауи мәдени тенденциялармен танысуға және тұрақты қозғалыстың энергиясын сезінуге арналған орын ретінде бағаланады.
Жарқын оқиғалар белсенді түрде өсіп-өркендеудің стратегиялық драйверіне айналмақ. Ол қалалық брендті күшейтіп, бірегей атмосфераны қалыптастырып, Астанаға өңірдің басқа да ірі мегаполистерімен бәсекелесуге мүмкіндік береді.
Форумдар мен концерттер тек саяси, іскерлік немесе мәдени іс-шаралар емес, экономикалық, әлеуметтік және коммуникациялық дамудың маңызды құралы болып саналады.
Жан-жақтан келетін қонақтар үшін Астана бүгінде тек жұмыс бабымен емес, эмоциялық әсерге толы мәдени тәжірибе мен жаңа байланыстарға қол жеткізу үшін келетін қалаға айналып отыр. Бұл – шаһарды нағыз тартымдылық орталығына айналдыратын импульс.
Бұған дейін Джей Ло мен Backstreet Boys концерттерінен Астананың туризм саласына қанша табыс түскенін жаздық.