Джей Ло мен Backstreet Boys концерттерінен Астананың туризм саласына қанша табыс түсті
Әлемдік жұлдыздардың концерттері Астананың экономикалық өсуінің драйверіне айналуда. 2025 жылы Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys-тің елордаға келуі мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар экономика жағынан да серпіліс болды. Нәтижесінде шаһарға келген мыңдаған шетелдік мейманның есебінен қаланың қонақүй, мейрамхана нарығы, көлік және басқа да салалары миллиардтаған теңге табысқа кенелді.
Концерттерден табыс қалай түседі
Астанаға әлемдік әртістер келгенде event-туризм қалыптасады. Туристер тек концертке емес, сонымен қатар қонақүйлер мен мейрамханаларға, такси қызметіне, сауда және кәдесыйларға, экскурсиялар мен ойын-сауық орталықтарына ақша жұмсайды. Мұндай оқиғалар «сұраныс көбейткіші» ретінде жұмыс істейді: әр қонақ экономиканың әртүрлі саласында шығындар тізбегін жасайды.
Сарапшылардың айтуынша, Астананың инфрақұрылымы кез келген көлемдегі іс-шараларды өткізуге дайын. Қалада 300-ге жуық қонақүй бар, оның тоғызы бесжұлдызды болса, 100-ден астамы – үш және төртжұлдызды қонақүйлер.
Өткен жылы қалада 128 халықаралық іс-шара өткізілсе, биыл оның саны 200-ге жуықтайды деп жоспарланған.
Дженнифер Лопес концертінің экономикалық әсері
Әлемге әйгілі актриса және поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанада өткен концерті қаладағы ерекше оқиғалардың бірі болды.

Үкіметте өткен брифингте қаржы министрі Мәди Такиев Дженнифер Лопестің Астанада өткен концертінен ел бюджетіне қанша табыс түсті деген сұраққа жауап берді. Оның пікірінше, әлемдік жұлдыздың келуі экономикаға оң әсер еткен.
Жалпы, концерттің тиімді болғанын айтқан Такиев Джей Ло жалғыз келмегенін, онымен бірге көршілес елдерден туристер келгенін атап өтті.
«Астанадағы концертке шамамен 5 мың турист келген. Олардың барлығы қонақүйлерде тоқтайды, мейрамханаларға барады, қалада серуендейді. Біздің есебіміз бойынша, бір турист кем дегенде мың доллар қалдырады», - деді Такиев.
Оған дейін «Астана концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов америкалық актриса әрі әнші Дженнифер Лопестің Астанада өткен концерті ел экономикасына 400 миллион теңге пайда әкелетінін айтқан болатын.
Backstreet Boys концертінің экономикалық әсері
21 қыркүйекте аты аңызға айналған Backstreet Boys тобы «Астана Арена» стадионында өнер көрсетті.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың («Астана Концерт» жеке компаниясы) мәліметтері бойынша, шоу Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Греция, Әзербайжан, Ресей және Өзбекстан сияқты 45 елден 12 000 туристті тартты.

Көрермендер арасында ресейлік әзілкеш Михаил Галустян, актер және суретші Александр Ревва сияқты танымал адамдар болды.

MasterCard деректеріне сәйкес (туристер Астанада тұруға, тамақтануға, көлікке және сатып алуға күніне орта есеппен 230 доллар жұмсайды және шамамен 3 күн болады), Backstreet Boys концертінің болжамды экономикалық әсері шамамен 7,8 миллиард теңгені құрайды. Бұл бағалау билеттердің, оның ішінде авиабилеттер мен пойыз билеттерінің құнын қамтымайды. Билет бағасы 40 000 теңгеден басталды.
Экономикаға жанама әсерлер
Ұлттық банк өз тәжірибесінде алғаш рет халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралардың елдегі экономикаға әсерін бағалады. Осы бағалауға сүйенсек, Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттері Астана мен Алматыдағы мейрамхана, дәмханалардың саудасын 11 пайызға дейін арттырған.
«Ең айқын әсер Астана қаласында байқалды: концерттердің өткізілуі қоғамдық тамақтану қызметтері көлемінің алшақтығын шамамен 8,4 пайызға арттырды. Астана қаласында өткен Backstreet Boys концертінің әсері қызмет көлемі бойынша да, бөлшек саудада да магнитудасы жағынан біршама жоғары болды. Аталған концерт өткен кезеңде Астана қаласында өзге де бұқаралық іс-шаралардың (Astana Finance Days) қатар өткенін ескеру қажет. Бұл қоғамдық тамақтану нарығындағы жергілікті белсенділікті қосымша күшейткен болуы мүмкін», - деп жазылған құжатта.

Астана event-туризм стратегиясын белсенді дамытып келеді. Алдағы үш жылда «А класындағы» жұлдыздарды Астанаға шақыру жоспарланып отыр. Бұл болашақ әлеуетті инвесторлар үшін Қазақстанда қонақүй бизнесін дамытуға сигнал болып саналады.
Мұндай іс-шаралар Астананы Орталық Азияның мәдени орталығы ретінде ілгерілетуге, шетелдік туристердің тұрақты ағымын қалыптастыруға, қонақүй және ойын-сауық инфрақұрылымына инвестицияларды ынталандыруға септігін тигізеді.
Сарапшылардың сөзінше, Батыс Еуропада 10 мың адамға арналған концерт орта есеппен шағын және орта бизнеске қосымша 1 млн доллардан аса табыс әкеледі.
Ал Джей Ло мен Backstreet Boys концерттері Астанаға 14 млрд теңгеден аса тікелей экономикалық тиімділік пен 1 млрд теңгеден аса салық әкелді. Басты нәтиже елорданың туристік тартымдылығының өсуі, оның мәдени имиджінің дамуы және оқиғалық туризмнің тұрақты индустриясының қалыптасуы болды.