Айша Тұрмағанбетова: Астанаға аңсарым журналистік жолымның ортасында оянған
Астана күніне орай қоғам белсендісі, «Заң газетінің» шолушысы Айша Тұрмағанбетова елорданың өз өміріндегі айрықша орны туралы әсерлі естелікпен бөлісті. Ол Астананың адам тағдырын өзгертетін мүмкіндіктер қаласы екенін айтып, бас қаламен байланысты қуанышы мен сағынышын жүрекжарды сөздерімен жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Айша Тұрмағанбетованың әлеуметтік желі парақшасына сілтеме жасап.
Бүгін – Астана күні.
Астанаға деген алғашқы аңсарым студенттік шақта емес, журналистік жолымның ортасында оянған еді. Облыстық газетте бірге істеген әріптесім елордадан материал жіберіп, аты-жөнінің астына: «Астана. Парламент үйі» деп қол қойыпты. Сол төрт-бес сөз маған ерекше әсер етті. «Астана», «Парламент»… Ол кезде бұл атаулар қол жетпес биіктей, алыстан менмұндалаған асқақ әлемдей көрінетін.
Тағдырдың адамға дайындап қойған жолы болатынын кім білген?!
Арада көп уақыт өтпей жатып, өзім де Астанаға қоныс аударып, тіпті бір күні Парламенттің тынысын жазатын журналист боламын деген ой түсіме де кірмеген еді… Биыл Астанада өмір сүріп жатқаныма жиырма жыл толыпты.
Осы жылдардың ішінде түсінгенім – Астана ешкімге ештеңені дайын күйінде сыйламайды. Бірақ арманы үшін тәуекел еткен адамның мүмкіндігін бірнеше есе көбейтеді.
Біз де осы қалаға үлкен үмітпен көшіп келдік. «Бұл балалардың болашағы үшін де, өзіміз үшін де мүмкіндіктер қаласы болады» деген сеніммен тәуекелге бел будық. Сол шешімнің басында тұрған жан – өмірлік серігім еді. Тағдырдың жазуымен ол осы қасиетті қалада мәңгілік сапарға аттанды.
Содан бері мен үшін Астана екі түрлі мағынаға ие. Бірі – орындалған армандардың қаласы. Екіншісі – жүректе мәңгі сақталатын сағыныштың мекені.
Бұл қала маған көп нәрсе берді. Үлкен орта сыйлады. Танылуға мүмкіндік берді. Қабілетімнің ашылуына жол болды. Парламент журналистикасында өз орнымды табуыма себепкер болды. Балаларым осында ержетті, білім алды, өмірге қанат қақты.
Өзің тұрған әр қала жай ғана мекен емес, тағдырыңның бір бөлігіне айналады. Бірақ Астананың орны бөлек мен үшін. Астана арманды мақсатқа, мақсатты еңбекке, еңбекті тағдырға айналдырып адамды өзгертеді. Әрине, бұл жолда қуаныш та бар, өкініш те бар, табыс та бар, орны толмас жоғалту да бар. Өмірдің өзі осы ғой. Сол жолда кім болып қалуың өзіңе байланысты.
Туған күніңмен, Астанам!