Референдум-2026

Аяжан Сапархан: Арманың мен болашағыңды бір сәттік қызығушылыққа айырбастама

Аяжан Сапархан: Арманың мен болашағыңды бір сәттік қызығушылыққа айырбастама
Фото: Аяжан Сапарханның жеке мұрағатынан

Таеквондодан Қазақстан Республикасының спорт шебері, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы Аяжан Сапархан Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына әсер ететін факторлар, спорттың зиянды әдеттердің алдын алудағы маңызы және салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылардың жауапкершілігі туралы пікір білдірді. 

- Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына қандай факторлар әсер етеді?

-    Менің ойымша, жасөспірімдердің алкогольге әуестенуіне ең алдымен олардың ортасы әсер етеді. Кейде достарының ықпалына еріп, «бір реттен ештеңе болмайды» деген оймен бастап кетеді. Сонымен қатар, бос уақыттың көп болуы, нақты мақсаттың болмауы және ата-ананың бақылауының жеткіліксіздігі де өз әсерін тигізеді. Ал егер жасөспірімнің арманы мен сүйікті ісі болса, ол зиянды әдеттерден аулақ жүреді.

- Алкогольдің спортшы ағзасы мен спорттық нәтижеге әсерін қалай бағалайсыз?

-    Спортшы үшін дене – ең басты негізгі құрал. Алкоголь бұлшықеттердің қалпына келуін баяулатады, ағзаны сусыздандырады, ұйқының сапасын төмендетеді және жалпы дене дайындығына кері әсер етеді. Соның салдарынан жылдамдық, күш, төзімділік пен зейін әлсірейді. Бір күндік қателік бірнеше айлық еңбекті жоққа шығаруы мүмкін.

- Спорт зиянды әдеттердің алдын алуға қалай ықпал етеді?

-    Спорт адамның өмір салтын түбегейлі өзгертеді. Жаттығу режимі, дұрыс тамақтану, сапалы демалыс және тәртіп зиянды әдеттерден өздігінен алыстатады. Спорт өзіне деген сенімді арттырып, ерік-жігерді шыңдайды. Спортпен айналысатын жастар уақытын пайдалы іске жұмсап, болашағына жауапкершілікпен қарайды.

- Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылардың рөлі қандай болуы керек?

-    Спортшылар жастарға жеңістерімен ғана емес, өмірлік ұстанымымен де үлгі болуы керек. Біз әлеуметтік желілерде, жастармен кездесулерде және жарыстарда дұрыс бағыт көрсете аламыз. Себебі, жастар көбіне сөзден гөрі нақты әрекетке сенеді. Сондықтан спортшының әрбір ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді.

- Спорттың арқасында өмірін өзгерткен жастарды кездестірдіңіз бе?

-    Иә, мұндай мысалдар өте көп. Өзімнің спорттық ортамдағы достарымның басым бөлігі бос уақытын жаттығуға және жарысқа дайындыққа арнайды. Олар дұрыс тамақтанып, денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. Спорт олардың мінезін қалыптастырып, өмірге деген көзқарасын өзгертті. Тіпті спорттың арқасында жаман ортадан шығып, өмірін түбегейлі өзгерткен жастарды да білемін.

- Егер жасөспірім сізден алкогольден неге бас тарту керектігін сұраса, қандай кеңес берер едіңіз?

-    Мен оған: «Арманың мен болашағыңды бір сәттік қызығушылыққа айырбастама» дер едім. Алкоголь ешқандай жетістік әкелмейді. Керісінше, денсаулыққа, оқуға, спорттағы нәтижеге және болашаққа зиянын тигізеді. Ал денсаулық пен жақсы әдеттер үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.