AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мың студент ЖИ алгоритмдерін меңгереді

AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мың студент ЖИ алгоритмдерін меңгереді
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары және студентерімен кездесуде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, елімізде кеңейтілген жасанды интеллект бағытын оқытудың екінші кезеңі басталып, 100 мың студентті қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар мақсатта оқытушыларға арналған арнайы оқу семинарлары мен бағдарламалар ұйымдастырылатынын айтты.

«Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 жоғары оқу орны бекітілді. Оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым, оның ішінде ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларының, шетелдік серіктестердің, есептеу қуаттарының болуы сияқты критерийлер бойынша іріктелді. Бұл ЖОО-лар AI-Sana бағдарламасы бойынша студенттер мен педагогикалық оқытушы құрамын оқытуды қамтамасыз ете отырып, өз өңіріндегі және көршілес облыстардағы жобаны іске асыруға жауапты болады», – деді министр.

Жиында сонымен қатар жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті нығайту, шетелдік филиалдарды дамыту және заманауи зерттеу инфрақұрылымын қалыптастырудың маңызы жөнінде кеңінен талқыланды. 

Жұмыс сапары аясында Саясат Нұрбек университеттің 5 оқу ғимаратында орналасқан жасанды интеллект институтына барып, SeoulTech-пен бірлесіп іске асырылып жатқан IT және жасанды интеллект бағытындағы бағдарламалық жобалармен танысты.  
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында цифрландыру және жасанды интеллект стратегиялық міндет екеінін атап өтті.