Адам құқығы мен энергетика мәдениеті: «Теплотранзит» алаңында мазмұнды кездесу өтті

Бүгін, 18:57
Думан Аманжол Думан Аманжол
Адам құқығы мен энергетика мәдениеті: «Теплотранзит» алаңында мазмұнды кездесу өтті
Фото: Жалпыұлттық коалицияның елорда филиалы

11 наурыз күні Жалпыұлттық коалиция өкілдері «Теплотранзит» АҚ қызметкерлері, энергетика саласы өкілдерінің қатысуымен жаңа Конституция жобасы аясындағы мазмұнды кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға 100-ден астам адам қатысып, жаңа Конституция жобасында көрініс тапқан адам құқығы, еңбек қатынастары, цифрландыру, білім мен денсаулық сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, құжаттағы негізгі басымдықтардың күнделікті өндіріс пен сала қызметкерлерінің өміріне тікелей ықпалы кеңінен түсіндірілді.

Жиын барысында энергетика саласы үшін техникалық қызметтің рөліне айрықша назар аударылды. Инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуі, жылу жүйелерінің қауіпсіздігі, өндірістік тәртіп пен техникалық жауапкершілік – бұл тек салалық міндет қана емес, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне әсер ететін қоғамдық маңызы бар мәселе екені атап өтілді. Осы тұрғыда цифрландырудың енгізілуі еңбек процесін жеңілдетіп қана қоймай, есептіліктің ашықтығын, бақылаудың жеделдігін және қызмет сапасының артуын қамтамасыз ететін маңызды құрал ретінде бағаланды.

Сондай-ақ жаңа Конституция жобасындағы еңбек құқығын қорғау тетіктері, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау, білім мен денсаулық сақтау салаларына қатысты нормалардың маңызы сөз болды. Қатысушылар қоғамдағы адам капиталының сапасы – құқықтық тұрақтылықтың, экономикалық өсімнің және әділетті мемлекеттің басты көрсеткіші екенін атап өтті. Әсіресе энергетика секілді стратегиялық салада еңбек адамының құқығын қорғау, кәсіби білім мен біліктілікті арттыру, заманауи технологияларға бейімделу – уақыт талабы екені айтылды.

«Жаңа Конституция жобасының өзегінде адам құндылығы тұр. Құжаттағы әрбір норма азаматтың қадір-қасиетін, еңбек ету құқығын, қауіпсіз ортада өмір сүруін және дамуға тең мүмкіндік алуын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. «Конституция бұл қоғам қандай құндылықтарға сүйеніп дамитынын айқындайтын басты бағдар», – деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Айтхожин .

«Бүгінгі таңда технология, техникалық қызмет және өндірістік тәртіп бір-бірінен бөлек қаралмайды. Егер құқықтық негіз мықты болса, сала да орнықты дамиды, ал бұл қарапайым азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді», – деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Бауыржан Қасымбергебаев .

Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының депутаттары Азамат Айтхожин, Бауыржан Қасымбергебаев, Бекзат Жолжаксынов қатысып, сала қызметкерлерімен пікір алмасты. Кездесу қорытындысында жаңа Конституция жобасын талқылау алаңдары азаматтық жауапкершілікті күшейтіп, қоғамның әр саласындағы өзекті мәселелерді нақты мазмұнмен көтеруге мүмкіндік беретіні айтылды. Энергетика өкілдері үшін бұл алаң құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, күнделікті еңбектің маңызын кең қоғамдық құндылықтармен ұштастырған маңызды пікірсайыс алаңына айналды.