31 қаңтарда елдегі барлық әскери бөлімде ата-аналар үшін ашық есік күні өтеді

31 қаңтарда елдегі барлық әскери бөлімде ата-аналар үшін ашық есік күні өтеді
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы

Алдағы сенбі барлық әскери бөлімдердегі сарбаздың жағдайын туыстары мен жақындары өз көзімен көре алады деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәлімдеуінше, «Ашық есік» күні бағдарламасына қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің жаттығуын, олардың тұрмыстық жағдайын, казармалар мен асханаларды көрсету кіреді. Әскери бөлім және бөлімше командирлері мерзімді әскери қызметке қатысты кез келген сұраққа жауап береді.

«Мақсат армия мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, ашықтықты арттыруға және мерзімді әскери қызметтің нақты жағдайын таныстыруға бағытталған. Іс-шара қорытындысы бойынша ең үздік мерзімді әскери қызметшілерге адал қызметі мен үлгілі әскери тәртібі үшін марапат ретінде бір күндік сейілдеме беріледі», делінген хабарламада.

Әр әскери бөлім «Ашық есік» күнін өткізу уақытын өзі белгілейді. Ал ата-аналарға ақпаратты әскери бөлімдердің қолбасшылығы жеткізеді. Осы мақсатта бөлім командирлері WhatsApp-та арнайы чат ашады. Сондай-ақ, «Отбасымен бейне қоңырау» сервисі арқылы ата-аналармен тұрақты бейнеқоңырау байланысы ұйымдастырылған. Сол үшін арнайы планшеттер сатып алынған.

Еске салсақ, Қорғаныс министрлігі сарбаз өлімінен кейін шұғыл шаралар қабылданғанын жариялады.