2,9 мыңнан астам шаруа көктемгі егіс жұмыстарына арналған ерте қаржыландыруға қол жеткізді
2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасын іске асыру белсенді түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарлама бойынша өтінім қабылдау 2025 жылы қазан айында басталған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 5% деңгейінде белгіленді.
Бүгінгі күні 519 млрд теңге сомасына 3 534 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өтінімінен пулл қалыптастырылды. Қазіргі уақытта 3 млн гектардан астам егіс алқабын қамти отырып, 288 млрд теңге сомасына 2 936 өтінім қаржыландырылды.
Сонымен қатар, «Даму» қоры арқылы қарыздарды кепілдендіру тетігі іске асырылды. Бұл несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 111,5 млрд теңгенің қарыздары бойынша 753 кепілдік берілген.
«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау өткен жылдың 1 қазанында Мемлекет басшысының көктемгі дала жұмысын уақтылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында басталды.
«Қаржыландырудың ерте басталуы шаруаларға 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералды тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталады» , - делінген хабарламада.
Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі дала жұмысын дайындау мен жүргізуге ғана емес, сонымен қатар орақ науқанына және маусымдық шығындарды қаржыландыруға да қолжетімді. Қаражат Аграрлық несие корпорациясының филиалдық желісі және серіктес қаржы институттары арқылы ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін АШМ мал шаруашылығына жеңілдетілген несие беруді бастағанын айттық.