25 адамды 95 млн теңгеге алдаған ипотекалық делдал кейпіндегі алаяқ сотталды

25 адамды 95 млн теңгеге алдаған ипотекалық делдал кейпіндегі алаяқ сотталды
Фото: freepik.com

Астанада ипотекалық делдал ретінде «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алып беруге көмектесу және жиһаз жобасына тиімді инвестиция ұсыну сылтауымен азаматтарды алдап, ірі көлемде қаражат аудартқан алаяққа қатысты үкім шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас пркуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 жастағы ер адам Instagram әлеуметтік желісі арқылы 2021-2025 жылдар бойы азаматтардың сеніміне кіріп, олардың ақшасын иемденген. Алайда міндеттемесін орындамай, ақшаны өз қажетіне жұмсаған.

Оның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен 25 адамға келтірілген жалпы залал 95 миллион теңгеден асқан.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, кәмелетке толмаған баласының болуын, залалдың бір бөлігін өтегенін және жазаны ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескере отырып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Өз жинақтарыңызды сеніп тапсыратын адамдарды, әсіресе интернеттегі ақпаратты мұқият тексеріп, сақ болыңыздар», - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Бұған дейін грант пен баспанаға қатысты жалған уәде берген талдықорғандық алаяқтың ісі сотқа жолданғанын жаздық.