15 сәуір – Ғашықтар күні
Бүгін 15 сәуір – жүректерді жылытқан, сезімдерді сөйлеткен, сағыныш пен үмітті астастырған ерекше күн. Бұл – қазақ даласының қос ғашығы, адалдықтың айнымас айғағы болған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу есімдерімен өрілген, ұлттық рухпен суарылған шынайы махаббат мерекесі, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Кезінде қытымыр қыстың үшінші айы ақпанның 14-і «Әулие Валентин күні» ретінде жастардың жүрегіне жол тапқан еді. Алайда уақыт өте келе халықтың танымы мен талғамы тереңдеп, өз тамырына, тарихына қайта үңіліп, ұмытыла бастағаны жаңғырды. Сөйтіп, сәуірдің шуақты күндерімен қатар келген 15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні ел ішінде кеңінен тойлана бастады.
Қазақ даласында ХIV–XV ғасырлардан жеткен қос ғашықтың хикаясы адалдықтың асыл мұрасы, сертке беріктіктің бұлтартпас белгісі. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу махаббаты уақыттың сынына төтеп берген, тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінен өткен, бірақ сезімнің тазалығын жоғалтпаған ұлы сезім. Олардың тағдыры қос жүректің ғана емес, бүтін бір халықтың рухани айнасы іспетті.
Бұл мерекенің жаңғырып, ресми сипат алуы да кездейсоқ емес. 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан өңірінен бастау алып, уақыт өте келе кең қолдау тауып, 2011 жылы еліміздің мерекелер қатарынан өз орнын алды. Бұл игі істің басында тұрған Дархан Мыңбай есімі де ерекше құрметпен аталады. Ол жастарды ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, махаббаттың шынайы болмысын тануға шақырды.
15 сәуір – ғашықтардың ғана емес, шынайы сезімге сенетін әрбір жанның мерекесі. Бұл күні жастар бір-біріне жүрекжарды лебіздерін айтып, сый-сияпат жасап, сезімдерін ірікпей білдіреді. Мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, махаббат тақырыбына арналған кештер мен концерттер өтеді.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сүйенсек, былтыр елімізде 115 мыңнан астам қазақстандық шаңырақ көтеріп, отбасын құрған. Бұл адал сезімнің өміршең екенін негіздейтін маңызды көрсеткіш.
Көктемнің жылы самалымен бірге келген бұл мереке әр жүрекке үміт ұялатып, әр жанға сезімнің сәулесін себеді. Себебі шынайы махаббат уақытқа бағынбайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік құндылық. Ал сол құндылықтың символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу есімі қазақ жүрегінде мәңгілікке жаңғыра бермек.
Ғашықтар күні құтты болсын!