1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке іріктеу цифрлы форматқа көшеді
1 сәуірден бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңартылған тәртібі енгізіледі. Жаңа жүйе іріктеу процесін толыққанды цифрландырып, конкурс рәсімінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.
Конкурсқа қатысу үшін кандидаттар өтінішін eqyzmet.gov.kz порталы арқылы онлайн түрде береді.
Мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар конкурсқа қатысар алдында заңнаманы білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиетін бағалау кезеңінен өтеді. Заңнамалық тест Қазақстан Конституциясы, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдары, сондай-ақ Әдеп кодексі бойынша жүргізіледі. 55 сұрақтан тұратын тестілеуде кемінде 30 дұрыс жауап беру және әрбір нормативтік акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап көрсету қажет.
Жеке қасиетті бағалау үш бағдарлама бойынша өткізіледі:
– басшылық лауазымдарға арналған (10 құзырет);
– басшылық емес лауазымдарға арналған (7 құзырет);
– жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі лауазымдарға арналған (эмоционалдық, әлеуметтік және логикалық қабілеттер).
Тестілеу нәтижесі бір жыл бойы жарамды. Кандидаттар жеке қасиетті бағалау тестін айына үш ретке дейін тапсыра алады.
Конкурсқа ең жоғары балл жинаған ТОП-5 кандидат жіберіледі. Құжаттар жеке кабинет арқылы ұсынылады.
Басшылық лауазымдарға кандидаттар эссе жазып бейнебайланыс арқылы әңгімелесуден өтеді. Ал басқа лауазымдарға кандидаттар практикалық тапсырмалар орындайды (аналитикалық жазба, ресми хат дайындау, өтінішті қарау).
Жүйе барлық нәтижелерді автоматты түрде есептейді. Ең жоғары жиынтық балл жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады. Балл тең болған жағдайда еңбек өтілі мен білім деңгейі ескеріледі.
Жалпы, жаңартылған жүйе мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жеңілдетіп, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, Ұлытауда 36 мемлекеттік қызметші құмар ойнағаны үшін жұмыстан шығарылды.