Жетісу облысында 136 адам қар құрсауынан құтқарылды
Жетісу облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты Үшарал-Достық автожолында бірнеше төтенше жағдай орын алды. Құтқарушылар қар құрсауында қалған жүргізушілер мен жолаушыларды жедел эвакуациялады, деп хабарлады Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Өткен тәулікте 130-дан астам адам құтқарылды. Олардың арасында, Беларусь, Қытай, Әзербайжан Республикасы және Ресей Федерациясынан 67 шетелдік азамат болды. Ешкімге медициналық көмек қажет болмады.
Ырғайты учаскесінде қатты боран мен бұрқасын салдарынан 30 жүк және бір жеңіл автокөлік қар құрсауында қалды. Құтқарушылар жедел түрде көмекке аттанды. Өтімділігі жоғары арнайы техниканың көмегімен құтқарушылар 40-тан астам адамды Үшарал қаласына жеткізді.
Автожолдың басқа учаскесінде Ырғайты мен Жалаңашкөл арасында тағы 26 жүк көлігі қар құрсауында қалды. Құтқарушылар жүргізушілерді Көктұма ауылына эвакуациялады, жергілікті атқарушы органдар ыстық тамақ ұйымдастырды. Осы операцияның нәтижесінде 26 жүргізушіге көмек көрсетілді.
Достық станциясындағы №10 өрт сөндіру бөлімінің күшімен тағы бір ірі құтқару операциясы жүргізілді. Қар құрсауында 2 жеңіл және 19 жүк көлігі қалып қойды. 69 адам, оның ішінде Алакөл шекара басқармасының 20 әскери қызметкері эвакуацияланды. Зардап шеккендердің барлығы Достық станциясына жеткізілді.