00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жүгіру жарыстарына неліктен қатысу керек

13 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жүгіру жарыстарына неліктен қатысу керек
Фото-коллаж: Elordainfo.kz

Жүгіру адамның денсаулығына оң әсер ететін ең қолжетімді және қарапайым спорт түрі болып саналады. Күнделікті  20-30 минуттық жүгіру адамның төзімділігін арттырып, оны жұмысқа айтарлықтай қабілетті етеді. Жалпы бұл спорт түрі кімдерге тиімді? Жүгіру жарыстарына не үшін қатысу қажет? Осы және өзге де тақырыптар жайында түрлі жарыстар мен марафондарға тұрақты түрде қатысып жүрген Elorda.info тілшісі Зарина Сәрсенбайқызы баяндап берді.

Соңғы жылдары күнделікті таңғы жүгіруге шығып жүргендіктен бұл спорт адамның жас ерекшелігіне қарамайды деп нақты айта аламын. Зерттеулер көрсеткендей,  жүгіру жүйке жүйесіне оң әсер етіп, адамның сабырлы және төзімді болуына көмектеседі.

Ал жарыстарға тоқталатын болсақ, елордада өтетін жүгіру жарыстарына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен күні кеше өткен дәстүрлі «Júregimniń jeńimpazy» атты қайырымдылық жарысына 4200 адам қатысты. Ал 2018 жылы дәл осы жарысқа қатысуға тек 60 адам ғана ниет білдірген. Бұл статистика қала тұрғындары арасында жүгіруге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.  Биыл елордалықтармен бірге бұл жарысқа мен де қатыстым. "Мұндай жарыс не үшін қажет?” деген сұраққа жауап беру үшін өзім қатысқан спорттық іс- шараға тоқталып өтейін.

«Júregimniń jeńimpazy» атты қайырымдылық жарысы елордада өткен жексенбіде ұйымдастырылды. Бұл спорт жарысы «Жүрек орталығы» қорының бастамасымен 2012 жылғы 8 тамызда еліміздегі алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалған атаулы күнге орай өткізіліп келеді. Іс-шара трансплантология мәселелеріне назар аударуға, ағза донорлығының маңыздылығы туралы хабардар болуға және өмірлік маңызды операцияға кезек күткендерге моральдық қолдау көрсетуге бағытталды.

Қайырымдылық жарысына  тіркелу бір ай бұрын ашылды. Әрбір қатысушы таңдаған шақырымға байланысты бастапқы жарна өткізу қажет. Мәселен, 1 шақырымды таңдағандар – 6 мың, 3 шақырымды таңдағандар - 9 мың теңге төледі. Мен жарыстағы ең ұзақ -10 шақырымды таңдап, 12 мың теңге жарна өткіздім. Әр қатысушыға тіркеу нөмірі берілді. Кейін жарысқа 5 күн қалғанда жеңімпаз сөмкесі таратылды. Сонымен қатар әр қатысушыдан денсаулығында ешқандай қарсы көрсетілімдер жоқ екенін екенін растайтын қолхат талап етілді.  Бұл құжатты мен де толтырып, жеңімпаз сөмкесін алдым. Осы орайда «Оның ішінде не бар?» деген деген заңды сұраққа жауап беріп өтейін.

Жеңімпаз сөмкесінде «Júregimniń jeńimpazy» атауымен бөтелке, тақия, стикер және осы заттардың барлығы салынған қоржын болды. Одан бөлек әрбір қатысушыға білезіктер берілді. Ол жүгіру жарысынан кейін өткен ұтыс ойындарына қатысуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар әлеуметтік желіде фестиваль бағдарламасын жариялап, қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға белсенді жауап берді.

Осылайша жарыс күні де жетті.

11 тамыз күні таңғы 05:30 да EXPO кешенінің алаңына дене мен сана үндестігін сақтауға үйрететін йога сабағы өткізілді.  

Кейін барлық қатысушылар жиналған соң, сахнаға шыққан жаттықтырушының нұсқауымен дене қыздыру жаттығуы өтті. Өкінішке орай мен бұл жаттығуға кешігіп қалдым. Бірден сөре аймағына өтіп, өзгелермен бірге таңғы 7:00 жарысты бастап кеттім. 10 шақырымға қатысушылар жүгіруді бастағаннан кейін, арада 10-15 минут өткен соң 1 және 3 шақырымға қатысушыларға жарысты бастау белгісі берілді.

10 шақырымды таңдаған әуесқойлармен бірге мен де белгіленген бағыт бойынша қозғалдым. Біз  EXPO аумағынан бастап Абу-Даби Плазаға дейін, яғни Түркістан көшесі бойымен жүгірдік. Жарыстың дәл ортасы, яғни 5 шақырымға жеткен кезде волонтерлер қатысушыларға ауыз су ұсынып, әрі қарай жарыс жолын көрсетті. Біз Ботаникалық саябақ арқылы кері қайттық, мәре EXPO аумағында болды. Бір қызығы әрбір шақырымда волонтерлер «Сенің қолыңнан келеді», «Сен біздің батырсың», «Әр қадам жеңіске әкеледі» деген мотивациялық жазулар жазылған плакаттармен қолдау көрсетті.

Бір бағытқа қозғалған және мақсаттары бір қатысушыларды көргенде шаршағанынды  ұмытып кетеді екенсің. Жүгіру барысында тұтас бір ұжым болып, жарысқа қатысып жатқан жандарды көрдім. Олар бір-біріне қолдау көрсетіп, соңына дейін бірге мәреге жетуге қолдау көрсетті. Ал мен жалғыз өзім қатыссам да, өзіммен бірге бір қатарда жүгіріп бара жатқан қатысушылардан шабыттандым. Олар маған бейтаныс болса да, мақсатымыздың бір екенін түсіндім. Осылайша 10 шақырым да артта қалды.

Мәре сызығын өткен кезде «Менің қолымнан келді» деген сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Барлық қатысушылар қолдап, волонтерлер «Júregimniń jeńimpazy» атты медаль табыстаған кезде шаршағанымды ұмытып кеттім.  Жеңімпаздарға ауқаттану үшін тегін ауыз су және банан берілді. Барлығымыз жарыстан кейін күш жинап, естелікке суретке түстік. Кейін жаттықтырушының көмегімен жалпы қалпына келу жаттығуын жасадық.

Осылайша қайырымдылық жарысы үлкен фестивальге айналды. Бастапқы жарыс өткен соң, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қатысушылармен бірге отандық әншілердің танымал әндерін бірге шырқап, би биледік.

Ең соңында қатысушылар арасында ұтыс ойыны өткізілді. Барлығымыз білезігімізде және үлкен экрандағы санға кезек-кезек қарап, үміттеніп отырдық. Бағы жанған қатысушылар қайырымдылық жарысының демеушілерінің атынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

Тіпті отандық әуекомпанияның бірі Грузияның Кутаиси қаласына ұшақ билетін ұсынды. Барлығымыз асығы алшысынан түскен жандармен бірге қуанып, қайырымдылық фестивалін керемет көңіл күйде аяқтадық. Осылайша менің өмірімдегі кезекті жүгіру жарысы аяқталды.

Жалпы мұндай жүгіру жарыстары қала тұрғындарын спортпен шұғылдануға ынталандырады. Кәсіби спортшылар жарыста мәреге бірінші жетуге ұмтылатыны рас. Алайда біз сияқты әуесқой спортшылар үшін бұл маңызды емес. Бастысы өзің таңдаған жылдамдықта 10 шақырымды жүгіріп өту.  Алыс қашықтыққа жүгіру үшін физикалық дайындық керек екені сөзсіз. Бірақ ең алдымен қатысушыларға ниет керек. Тек сонда ғана күнделікті салауатты өмір салтын ұстанып, осындай бұқаралық спорттық шараларға өз еркіңізбен қатыса аласыз. Ал мәреге жеткенде берілетін медаль сіздің әрі қарай спортта белсенді болуыңызға шабыт береді.