Жамбыл облысында сел жүріп, 500-дей қой суға ағып кетті
Жамбыл облысы Шу ауданында толассыз жауған жаңбырдың соңы селге ұласып, 500-ге жуық қой суға ағып кетті. Малымен бірге салы суға кеткен шаруашылық жетекшісі отардағы 485 қойдың жайылымда жайрап жатқанын айтады. Бұл туралы Elorda.info КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
30 маусымда Шу аудынындағы Ақтасты елдімекенінің маңындағы таулы аймақта нөсер суы жылғаларға жиналып, сай-саламен екпіндей аққан. Қызыл су жолындағы шаруашылықтың қорасын қиратып, қойларын ағызып әкетіпті. Жергілікті әкімдік арнайы комиссия құрып, шығынды есептеп жатыр. Жайылымды аралап, екі жүзге жуық қой өлексесін тапқан. Енді тілсіз жаудан жапа шегіп, шаш-етектен шығынға батқан шаруаға өтемақы төленбек.
«485 бас мал шығыны болды деп өзі айтып отыр. Бірақ біз ауданның ветеринария қызметі және ауыл жастарымен өлген малдың өлексесін санағанда, 192 бас табылды. Бүгін тағы мал іздестірір жатырмыз. Малдың бәрін тапқаннан кейін, оның базадағымен салыстырып, қанша шығын шеккені туралы комиссия құрылып, жұмыс жалғаса береді», - деді Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев.