Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысын тексерді
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасының Ақмола облысында іске асырылу барысын тексеріп, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың бірі, Атбасар ауданының тұрғыны Виталий Дубинин 3,5 млн теңгеге көлік жөндеу стансасын ашты. Ал, Аида Мейрамова наубайхана жұмысын ұйымдастырып, 8,6 млн теңгеге жеңілдігі бар несие алған. Қазіргі таңда наубайхана 16 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Жұмысты нөлден бастадық, бүгінде халық арасында сұранысқа ие өндіріске айналып отырмыз. Несиелік қаражатқа қамыр илегіш пен 120 тоқаштық пеш сатып алынды. Біз нан өнімдерінің 20 түріне дейін пісіреміз», - деп Аида Мейрамова ойымен бөлісті.
Тамара Дүйсеноваға «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар шығарған өнімдердің өңірлік көрмесі ұсынылды.
Премьер-Министрдің орынбасары өңір басшысы Марат Ахметжановпен бірлесіп облыстың аудандары мен ауылдық округтері әкімдерінің қатысуымен бағдарламаны іске асыру жөнінде кеңес өткізді.
«Жергілікті жерлерде ауыл әкімдері халықпен тығыз жұмыс істейді. Олар азаматтарға мемлекеттік қолдаудың неғұрлым тиімді шараларын ұсынуға тиіс. Тек осы жағдайда ғана біз басты мақсат – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қол жеткіземіз. Мемлекет жеңілдігі бар несиелерден басқа, бизнесті бастау үшін гранттар, субсидияланған жұмыс орындарын ұсынады. Осы мүмкіндіктердің барлығын пайдалана отырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады», - деді Тамара Дүйсенова.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мемлекеттік қолдау шарасы ауыл шаруашылығы бизнесін дамытудың тиімді құралы саналатынын атап өтті.
«Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түрлі бағыттағы жобалар – мал шаруашылығы, тігін және былғары өндірісі, сүт пен шұжық өнімдерін дайындау және басқа да салаларға қаражат берілді. Енді тұтынудан өндіріске көшу керек. Бұл жұмыс орнын ашып, табыс әкеледі. Бюджет халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек», - деді Марат Ахметжанов.