Тұмау сіз ойлағандай жеңіл ауру емес – дәрігер
Күз келіп, ауа райы салқындай бастаған уақытта жіті респираторлық аурулар тарала бастайды. Қызуы көтеріліп, жөтеліп, түшкіріп жүрсе де, салқын тиген деп дәрігерге қаралмай не дұрыс ем алмай жүре беру ауруды асқындырып жібереді. Өкінішке қарай тұмауды жеңіл ауру санап, өз денсаулығына немқұрайлы қараумен шектелмей, өзгелерге де қауіп төндіретіндер аз емес. Осы орайда Астана қаласы №4 емхананың салауатты өмір салты дәрігері Болат Гүлдана Elordainfo.kz оқырмандарына тұмаудың таралу жолын түсіндіріп, одан емделуге қатысты кеңес берді.
Тұмауды ортомиксовирустар, оның ішінде А, В, С деген үш типі қоздырады және олар өте агрессивті әрі жылдам таралады. Инкубациялық кезең 12-ден 48 сағатқа дейін созылады. Инфекция жұқтырғаннан кейін бірнеше сағаттың ішінде тыныс алу жолдарында қабыну басталады.
Тұмау тұрмыстық және аэрозольдік жолмен тарайды, яғни вирус жұқтырған адам жөтелу мен түшкіру арқылы өзгелердің денсаулығына қауіп төндіреді.
«Әдетте тұмау кенеттен басталады. Қызуы көтеріліп, дене температурасы 37,5–40°С дейін жетеді, бас, бұлшықеттер мен буындар ауырып, науқас қалтырап, жөтеліп, мұрыннан су ағады немесе керісінше мұрны бітеліп, тыныс алуы қиындайды, тамағы ауыра бастайды. Әдетте пациент 1 апта тұмауратады. Алайда дер кезінде емделмесе ол асқынып, отит, синусит, пневмония, миозит, перикардит сияқты ауруларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар нерв жүйесіне, қан тамырларына күш түсіп, жүрек ауруына шалдығу қаупі бар», - деді Гүлдана Болатқызы.
Өкінішке қарай көпшілік тұмауды үйреншікті ауру сияқты жеңіл қабылдап, дұрыс емделмей, ауруы асқынған соң ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді.
Дәрігердің айтуынша, тұмауды басқа аурулармен шатастырып алу оңай. Сондықтан нақты диагноз қою үшін міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
«Дәрігер науқастың жағдайы мен жасына сәйкес қажетті дәрі-дәрмек жазып береді, тиісті ем-шара тағайындайды. Бұған қоса науқастар мына жағдайды есте ұстағаны жөн: Дене қызуы көтеріліп, қатты жөтеліп жатқан жағдайда дәрігерге келіп, кезектегі өзге адамдарға тұмау жұқтырудан аулақ болыңыз. Ең дұрысы, фильтр кабинетке барып, дәрігерге қаралу. Себебі кішкентай балалар немесе қарттарға инфекция жұқтыру аса қауіпті», - деді ол.
Сондай-ақ маман тұмаудан емделу үшін антибиотик қабылдауға болмайтынын ескертті. Өйткені, антибиотик бактериялық ауруларды емдеуге қолданылады, ал тұмау – вирустық инфекция. Тұмаудың алдын алудың жолы екпе салдыру.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымына сәйкес, тұмауға қарсы ең тиімді құрал вакцинация болып табылады. Жақында елордадағы барлық емдеу мекемелерінде тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталады. Ол үшін азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға баруы керек. Вакцина 6 айдан асқан сәбилерге, балалар мен барлық ересектерге салынады және ол тегін», - деді Гүлдана Болатқызы.
Дәрігер кеңесі:
Басқа адамдарға қауіп төндірмеу үшін тұмау жұқтырған адам үйде қалуы тиіс;
Отбасы мүшелерінен оқшауланып, бөлек ыдыс,төсек, сүлгі немесе бір реттік қол орамалын қолдану;
Бөлмені ылғал шүберекпен жуып, сүртіп, жиі желдету;
Төсек режимін сақтау;
Ауыр астан аулақ болу, құнарлы, жеңіл тамақтар ішу;
Дәрігер тағайындаған дәрілер мен дәрумендерді дер кезінде ішу және емдік курсты толық қабылдау;
Егер жағдайыңыз нашарлап, асқыну белгілері байқала бастаса жедел медициналық жәрдем шақыру.