00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жеке іс-шаралар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жеке іс-шаралар
Фото: Elorda.info

Қоғамның ілгері дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – ашықтық пен айқындық. Олар – кез келген саланың алға жылжуына әсер ететін үлкен құрал. Осы мақаламда жұмысты жоғары жауапкершілікпен ашық және адал атқару мен заң бұзушылықтарға жол бермеу жайын айтатын боламын.

Есіл ауданы, білетіндеріңіздей, елорданың ғана емес, еліміздің де саяси әкімшілік орталығы. Бұл статусқа сай болу бізге, аппарат қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артады. Сол себептен, мемлекеттік бағдарламаларды орындаудағы ашықтық пен айқындық – басты назарымызда. Айталық, әкімдік сайтында қызметімізге қатысты ақпараттар жүйелі түрде жаңартылып тұрады. Алдағы болатын талқылау, жиын, жиналыс, тексеріс сияқты іс-шаралар да интернет-ресурста көрініс тапқан. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне де жыл сайын ішкі талдау жүргізіледі. Ол жайында сайтта хабарландыру жасап отырамыз. Биыл да 2024 жылдың 3 маусымынан 15 шілдесіне дейінгі аралықта «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұру» төртінші типтік базалық бағыт жобаларын іске асыру шеңберінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілетін болады. Сонымен қатар, аппаратта кез келген құқықбұзушылық фактілерін болдырмау бойынша жүйелі жұмыстар ұдайы атқарылуда. Мәселен, жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспар мен құқықбұзушылықты төмендету мақсатында жұмыс тобын құрамыз, сондай-ақ айтып кеткенімдей, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты ішкі талдау жасаймыз. Соның ішінде, персоналды басқару сұрақтарын, жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерді және құрылымдық бөлімшелер жұмысын жіті қадағалаймыз.

Заңбұзушылық фактілерін болдырмау мақсатында, әкімдік тарапынан түрлі бағыттағы ақпараттық жұмыс жүргізіледі. Айталық, аппарат ғимаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мазмұндағы буклеттер орналастырылған. Олар қызметкерлерге де, келушілерге де ескерту ретінде жұмыс істейді. Тұрғындар қажеттіліктерін сұрауда құқықбұзушылық әрекеттерін алдын алу үшін, апта сайын қабылдауымды өткізіп, әрбір келушінің  жеке сұрақтарын тыңдап, заңға қайшы емес талаптарын орындауға тырысамыз және де тұрғындармен кері байланысты нығайту мақсатында «Есіл ауданы тұрғындары» телеграм-тобын ашып, ол жерде өтініш берушілердің тілектерін қабылдап, сәйкесінше орындап отырамыз. Біз әлеуметтік желілердің ең шарықтап дамып жатқан кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бұрын жаңалықты тек газет, радио, теледидардан білсек, қазір кез келген адамға бұл қызмет қолжетімді. Заманауи тілмен оны – «Азаматтық журналистика» деп атаймыз. Осы азаматтық журналистер мен белсенді тұрғындар бізге аудан тынысын толыққанды біліп отыруға үлкен септігін тигізеді. Аппарат қызметкерлері осындай белсенді тұрғындардың талап-тілегін әлеуметтік желіде күнделікті қадағалап, жұмысқа жіберіп отырады. Сондай-ақ Instagram, Facebook-тегі ресми парақшаларымызда да атқарылып жатқан жұмыстарды ұдайы көрсетуге тырысамыз.

Есіл ауданы әкімдігі халықпен тығыз қарым-қатынас орнатудың бірнеше тетігін қолданады. Өйткені ол жұмысымызды оңтайландыруға және қандай бағытта қозғалуымыз керек екенін бағдарлайды. Сондай тетіктің енді бірі – тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің функциясы. Бөлім мамандары меншік иелері бірлестігімен қоян-қолтық жұмыс істеп, сол арқылы тұрғындардың ортақ мүліктеріне қатысты қажеттіліктерін өтеп жатыр. «Халық қатысатын бюджет» жобасын осыған мысал ретінде алсақ болады. Бұл жобада тұрғындарымыз тұрғын-үй кешендеріндегі аулаларын абаттандыру жөнінде бағдарламаларын ұсынып, оның орындалуы үшін дауыс беріп, аумақтарын жаңарта алады. Былтыр ХҚБ аясында 7 жоба орындалса, биыл тағы 4 жобаны жүзеге асырғалы отырмыз.

Біз сонымен қатар, ұялы байланыстың өте қолжетімді уақытын бастан өткізіп жатырмыз. Оның айшықты айғағы – «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» – «iKOMEK109»-ға күнделікті келіп түсетін өтініштер. Бұл қызмет тұрғындарымыз үшін өте ыңғайлы, әрі кез келген жерде қоңырау шалып, мәселесін айтып, орындалуын талап ете алады. Мысалы, жыл басталғалы орталық арқылы 8880 өтініш келіп түсті: 7557-сі орындалып, қалған 1323-і орындалуда. Өтініштердің дені – қысқы уақытта қар шығару, жауын-шашыннан кейін судан тазарту, жолдардың жағдайына және аула-аумақтардағы қоқыстарды алып кетуге қатысты болды.

Жоғарыда атап өткенімдей, қазір заңбұзушылықты жасырып қала алмайтын заман. Кез келген заңға қайшы әрекет тұрғындарымыздың қырағы көзінен тыс қалмайды. Оған қоса, «Сергек» камералары да өз жұмысын жақсы атқарып жатыр. Құқықбұзушылық фактілерін анықтап, жаза қолдануда әкімшілікке де Полиция қызметкерлеріне де бергісіз көмек көрсетуде. Заңбұзушылықтың ең тараған түрі – көшеге қоқыс тастау әрекеті. Тұрғындар арасында экомәдениет қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысы биыл «Таза Қазақстан» экоайлығын өткізуді тапсырған еді. Осы экоакция аясында ауданымызда бір ай бойы сенбіліктер өткізіліп, аудандағы заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша жұмыстар басталды. Бүгінгі таңда ауданда ондай 7 орын анықталған. Қоқыс көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрайды. 2024 жылдың 6 мамырынан 10 шілдесіне дейінгі аралықта аталған заңсыз қоқыс үйінділерінен 12 600 тонна қоқыс шығарылды. Осындай ауқымды тазалық жұмыстары жыл сайын атқарылып келеді.

Ауданымыз күн санап көркейіп, өсуде. Атқарылған шаруа көп болғандай, жоспарымыз да жетерлік. Барлығымыздың ортақ мақсатымыз – тұрып жатқан ауданымыздың дамуы. Сондықтан, жалпыға тең міндетке жету үшін бәріміз де жұмыла атсалысуға тиіспіз. Мақаламды Аристотельдің әдемі сөзімен аяқтағым келеді: «Халыққа қызмет етіп, жақсылық жасау үшін ғаламды төңкеріп бай болып немесе күллі адамзатты басқарып, патша болуымыз міндетті емес...».

Дәрменияр ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ,

Астана қаласы

Есіл ауданының әкімі