Starlink Қазақстанда ресми түрде іске қосылды

Бүгін Starlink Қазақстанды өзінің ресми қызмет көрсететін елдер картасына енгізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бүгіннен бастап Starlink компаниясы Қазақстан аумағында спутниктік интернет қызметін ресми түрде ұсына бастады. Енді ел тұрғындары SpaceX-тің төмен орбиталы спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты және тұрақты интернетке қосыла алады.
2025 жылғы 12 маусымда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы қызмет көрсету барысында Қазақстан заңнамасын толық сақтау жөнінде келісімге қол қойды. Бұл келісім ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы барлық талаптарды орындауды қамтиды.
Starlink технологиясы шалғай және қолжетімділігі қиын аймақтарда да тұрақты интернет қосылуын қамтамасыз етіп, халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Тарифтер, қосылу шарттары және қосымша ақпарат SpaceX компаниясының ресми сайтында жарияланды.



