00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Smart Astana қосымшасында сыбайлас жемқорлық туралы хабарлауға болады

6 желтоқсан, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Smart Astana қосымшасында сыбайлас жемқорлық туралы хабарлауға болады
Фото: Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы

Елордалықтар кез келген сыбайлас жемқорлық фактілері туралы жылдам түрде хабарлай алады. Ол үшін Smart Astana мобильді қосымшасындағы «Stop сыбайлас жемқорлық» сервисін қолдану керек, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасына сілтеме жасап.

«Stop сыбайлас жемқорлық» сервисі мобильді қосымшаға 2023 жылы енгізілді. Ол арқылы азаматтар сыбайлас жемқорлық жағдайлары туралы ақпаратты тиісті органдарға жолдай алады.

Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының мәліметіне сүйенсек, сервис азаматтардың құқықтарын қорғауға және әділ қоғамның қалыптасуына ықпал ету мақсатында әзірленген. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментімен бірлесіп жасалған.

Аталмыш сервис 3 бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Жемқорлық бойынша шағымдану». Мұнда қала тұрғыны құқық қорғау, салық салу, білім беру, денсаулық сақтау, сот жүйесіндегі және өзге мемлекеттік ұйымдардағы пара талап ету дерегі бойынша шағым қалдыра алады.

Екіншісі – «Жемқорлық бойынша арыздану». Бұл бөлімде қала тұрғыны орын алған немесе дайындалып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық құқықбұзушылық бойынша арыз қалдырады. Ол үшін арызды қолдан жазып, электронды нұсқасын жолдау керек.  

Үшіншісі – «Call-орталық 1424». Мұнда пайдаланушы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сall-орталығымен тікелей хабарласып, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы шағымдана алады.

«Stop сыбайлас жемқорлық» сервисін қолдану үшін Smart Astana қосымшасын App Store немесе Google Play дүкенінен жүктеп алып, тіркеуден өтіңіз. Қолданбаның басты бетінде «Stop сыбайлас жемқорлық» бөлімін таңдаңыз. Мұнда өзіңізге қажет түймені басыңыз. Оқиғаның болғаны туралы, орнын, күнін, байланыс деректерін хабарлаңыз. Осылайша сіздің шағымыңыз жедел қарау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментіне жіберіледі.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл қаланың әділ және ашық болашағын құруға септігін тигізеді.

Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы қала тұрғындарын «Stop сыбайлас жемқорлық» қызметін белсенді түрде пайдалана отырып, әділ қоғам құру процесіне атсалысуға шақырады.