Тоқаев: Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе

Президент Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін біз Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының алғашқы отырысына жиналдық.
Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс. Жолдауымда бұл мәселе азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деп нақты айттым.
Бүгін, міне, бірінші отырысымызда Парламенттің, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері бар. Бәрі де елге танымал азаматтар, түрлі саланың мамандары.
Тағы да қайталап айтқым келеді: Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін», - деді Президент.
Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келетіндігін айтты.
«Баршаңызға мәлім, елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер жасалуда. Бір ел болып саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы өзгерістер жалғасын табуы керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды.
Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз.
Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.