Рекордтық көрсеткіш: Былтыр 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді


Жексенбі, 10 тамызда елімізде Құрылысшы күні – қалалар, үйлер, мектептер, ауруханалар салу арқылы отанымыздың көркейе түсуіне үлес қосып жүрген қажырлы еңбек иелерінің мерекесі атап өтіледі. Мемлекет басшысы миллиондаған азаматтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін құрылысшыларға ерекше назар аудара отырып, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын бірнеше рет атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Құрылыс саласы – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Аталған салада Президент тапсырмалары орындалып, тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылуда, жеке сектор ынталандырылып, құрылыс индустриясы дамуда және кешенді мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Аталған шаралар нәтижесінде құрылыс саласы жоғары өсу қарқынын сақтап, еліміздегі ЖІӨ-нің 6%-ын құрап отыр. Тұрғын үй құрылысы негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап 2024 жылға дейін елімізде жалпы көлемі 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 39,3 млн шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысына, 58,6 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне тиесілі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (173,9 мың нысан, оның ішінде 38,9 мыңы жеке тұрғын үй). Құрылыс-монтаждау жұмыстарының нақты көлем индексі 9 трлн теңгені құрады (115,3 %). Салада 53 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның 2,9 мыңнан астамы – құрылыс материалдарын өндірушілер.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 3,31 трлн теңгеге жетті ( былтырғымен салыстырғанда +18,4%). 11 млн шаршы метрден астам жаңа нысандар пайдалануға берілді, оның 7,9 млн шаршы метрі тұрғын үйлер. Сонымен қатар 111 мектеп, 17 балабақша және 31 денсаулық сақтау нысаны салынды.
2025 жылы 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Алты жыл ішінде тұрғын үй құрылысына 15,4 трлн теңге инвестиция тартылды, оның 1,5 трлн теңгесі биылғы жылдың алғашқы алты айында салынды.