Сәлемдемені поштада пин-код арқылы алуға болады
Мәжіліс пошта нарығын дамытуға бағытталған «Пошта туралы» заңға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Атап айтқанда, пошта жөнелтілімін жеткізу және тапсыру рәсімін оңайлату, пароль (пин-код) енгізе отырып, құқықты растау процесі арқылы келісім алу жолымен адресаттарға, олардың заңды өкілдеріне, сенім білдірілген өкілдерге не үшінші тұлғаларға беру қарастырылған.
«Поштаматтарды көппәтерлі тұрғын үйлерде орналастыру нормалары да нақтыланады. Ғимараттардың, құрылысжайлардың, пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері пошта операторларына поштаматтарды шарттық негізде орнату үшін алаңдар бере алады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар пошта жәшіктері арқылы қарапайым хаттарды жіберу көлемінің жыл сайынғы төмендеуін, олардың өзектілігінің жоғалуын, күтіп-ұстау шығындарын және пошта бөлімшелерінде хаттарды қабылдау мүмкіндігін ескере отырып, бұл нормаларды заң мәтінінен алып тастау ұсынылады. Бұл ретте көппәтерлі тұрғын үйлерде орналасқан абоненттік жәшіктер туралы ережелер өзгеріссіз қалады.