00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Пара волейболшылар жолдастық кездесу өткізді

21 мамыр, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Пара волейболшылар жолдастық кездесу өткізді
Фото: Василий Крась

Астанада отырып ойнайтын волейболдан ұзақ жылдардан кейін Париж Паралимпиадасына жолдама алған Қазақстанның ерлер құрамасы Бразилиямен жолдастық ойын ұйымдастырды, деп хабарлады Elorda.info.

2023 жылы  елордада өткен Азия пара чемпионатында күміс жүлде алып, Париж Паралимпиадасының лицензиясын жеңіп алған Қазақстан құрамасы дайындықтарын жалғастырып жатыр.

Осы орайда жерлестеріміз халыққа аталмыш спорт түрін таныту мақсатында «Ханшатыр» сауда үйінде алыстан ат терлетіп келген Бразилиямен кездесу өткізіп, 3:1 (25:20, 16:25, 25:21, 25:20) есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан мен Бразилия мемлекеттерінің арасындағы байланыстың артып жатқандағы қуантады. Қос елдің де спорттық жетістіктері мол. Бүгін Қазақстан мен Бразилия Париж Паралимпиадасына жолдама алғандықтан, жақсы ойын болды, - деді Бразилияның Қазақстандағы елшісі Антонио Барбоза.

Пара волейболдан Қазақстан құрамасы сонау 1996 жылы Атланта Паралимпиадасында өнер көрсеткен.

28 жылдан кейін Париж Паралимпиадасына жолдама алған жігіттеріміз басты додаға қарқынды түрде дайындалып жатыр. Өткен айда АҚШ-қа барып жақсы дайындалып едік. Енді бүгін шақыртуымызды қабыл алған Бразилиямен өте жақсы тәжірибе алмастық. Бұл команда Рио және Токио Паралимпиадасының төрттігіне кірген. Дәл қазіргі сәтте әлемдік рейтингте 2-ші орында тұр. Мықтымен ойнағанда ғана өз қателігіңді көріп, шыңдаласың. Сондықтан бүгінгі кездесу қай жағынан болсын өте пайдалы болды деп есептеймін, - деді ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов.

Қазақстан мен Бразилия арасындағы матч мұнымен шектелмейді. Оңтүстік Америкадан келген құрама 26 мамырға дейін жерлестерімізбен оқу-жаттығу жиынын өткізетін болады.