Қостанайдағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды
Қостанай қаласында газ-ауа қоспасы жарылып, соның салдарынан 12 адам зардап шеккен болатын. Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Elorda.info.
Қостанай қаласының Энергетиктер көшесі, 1 мекенжайындағы Амангелді тұрғын алаңының аумағында құтқару жұмыстары аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, 11 желтоқсанда сағат 12.36 газ-ауа қоспасы жарылып, бір қабатты ғимарат опырлып түскен еді. Ғимараттың аумағы 280 ш.м., оның 5 шаршы метрін жалып шарпыған.
Газ баллондарының жарылыстары адамға да, мүлікке де үлкен қауіп төндіреді және бұл жағдайда жарылыс ауыр зардаптарға әкелді. Өртті сөндіру және іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖ және жергілікті атқарушы органдары бойынша 263 қызметкер және 61 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, еріктілер топтары және барлық мүдделі адамдар қатысты, - деп көрсетті ІІМ.
Жарылыс салдарынан 12 адам зардап шегіп, 3 адам қаза тапты. Зардап шеккендердің 4-і облыстық ауруханаға, қалалық ауруханаға 6 адам жеткізілді. Медициналық көмекке 1 адам өз бетінше жүгінген, 1 адам медициналық мекемеге жатудан бас тартты. Жалпы, барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіледі.
Оқиға салдарынан 7 жеңіл және 5 жүк техникасы, сондай-ақ жақын маңдағы 12 тұрғын үй зақымданған.
Қостанай қаласының полиция басқармасы ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.