Ораза - 2025: Тағдырлар жазылатын түн қашан болады

Ораза - 2025: Тағдырлар жазылатын түн қашан болады
Фото: freepik

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылы «Қадір түнінің» қай уақытта болатынын белгіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 2025 жылғы діни күндер кестесін бекітті. Кестеде «Қадір түні» наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түніне белгіленген. 

Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалды. Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертті.

Қадыр түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Бұл түн туралы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» айтылған. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болатындықтан жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатыны айтылады.

«Қадір түні – қасиетті, тағдыр, тарылу» деген мағыналарды білдіреді. Қадір түні – Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) Байтул Ғиззаға (дүние аспаны) түсірген қасиетті түн. Ол жайлы Алла Тағала Құранда:

«Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік» [1], – деп айтқан. Кейін 23 жыл бойы түрлі себептер мен оқиғаларға байланысты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етіліп отырған.

Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Қадір түні мың айдан да  қайырлы»[2].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»[3], – дейді.

Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады»[4].

Имам Мужаһид: «Қадір түнінде жасалған амал (намаз, Құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы»[5] – десе, Хафиз Ибн Ражаб: «Қадір түнін жіберіп алғандарымның орнын толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!»[6] – деген.

«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан