Қорғаныс министрі құрлық әскерлерінің әскери қызметшілерін құттықтады

Бүгін, 09:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қорғаныс министрі құрлық әскерлерінің әскери қызметшілерін құттықтады
Фото: Қорғаныс министрлігінен

ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов құрлық әскерлерінің әскери қызметшілерін құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Құрметті Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері, қадірлі ардагерлер және азаматтық персонал!

Сіздерді Құрлық әскерлерінің құрылған күнімен шын жүректен құттықтаймын.

1993 жылғы сәуірде құрылғаннан бастап, Құрлық әскерлері еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып келеді. Мемлекеттің қорғаныс қабілетінің сенімді тірегі мен негізіне айналды. Сіздердің кәсіби борышқа адалдықтарыңыз – елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі.

Әскери қызметшілердің жоғары дайындық деңгейі мен үйлесімді қызметінің арқасында Қазақстан армиясы ең күрделі міндеттерді орындауға даяр, әрі мемлекет мүддесін сенімді түрде қорғауда.

Жыл сайын біздің әскери қызметшілер «Бірлестік», «Алтын қыран» және «Шексіз бауырластық» сияқты ұлттық және халықаралық оқу-жаттығуларға белсенді қатысып келеді. Бұл іс-шаралар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ете отырып, басқа елдердің әскерлерімен достық пен ынтымақтастықты нығайтады.

Құрлық әскерлері бөлімшелерінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысуы ерекше мақтаныш. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ерлігін және Отан қорғаушылардың тарихи сабақтастығын мойындаудың символына айналды. Біз Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін өз өмірін қиған қаһармандардың даңқты жауынгерлік дәстүрлерін жалғастырушыларды әрдайым мақтан тұтамыз.

Мен осы әскер түрінің қалыптасуының бастауында тұрған Құрлық әскерлерінің ардагерлеріне шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.

Сіздердің жанқиярлық қызметтеріңіз бен адалдықтарыңыз болашақ ұрпаққа үлгі. Әлі де жас жауынгерлерді тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосуды жалғастырып келесіздер.

Осы айтулы күні барлық әскери қызметшілерге, ардагерлерге, азаматтық персоналға және олардың отбасыларына зор денсаулық, мол бақыт, амандық және ашық аспан тілеймін! – деді министр.