Неге Бурабайға қарағанда Дубайда демалған арзан: вице-министр жауап берді


Үкіметте өткен брифинг барысында журналистер қазақстандықтардың Бурабайда демалу мүмкіндігі жоқ екенін алға тартып, туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтан мұның себебін түсіндіруді сұрады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қырғызстандықтар жаз бойы Ыстықкөлге барып, жергілікті турбизнес қазынасын толықтырады. Осы жылдың ақпан айында Бурабайда, жергілікті қонақүйде бес күндік демалыс 350 мың теңгені құрады. Осы кезде Дубай 270 мың теңгеге ұшуымен қоса бір адамға 135 мың бағаға демалыс ұсынды», - деген ақпаратты да бағаларды салыстыру үшін қоса кетті журналистер.
Ал вице-министрдің айтуынша, бағадағы мұндай айырмашылықтың себептері Қазақстанның ішкі нарығында бәсекелестіктің болмауынан туындап отыр.
«Жиі қойылатын сұрақ: «Неге Қазақстан ішінде демалу шетелге шығудан гөрі қымбатқа түседі?» Әрі сервистің халықаралық стандарттарға сай келмейтінін айтады. Бізде бәсекелестік болмайынша, маусымда өте маңызды сұранысқа ие бірнеше қонақүй өз бағаларын асыра өсіріп жібереді, бұған қоса қызметтің сапалы көрсетілуін қадағаламайды, өйткені не істесе де келуші ағылып жатыр», - деді Е.Еркінбаев.
Ол туристік қызметтер нарығында жеткілікті ұсыныстар болмаса, сұранысқа ие қонақүйлер қымбат болғанына қарамастан, аузы-мұрнынан шығып тұра беретінін атап өтті.
«Бізге бәсекелестік орта қажет, әйтпесе Шымбұлақта бір абонемент 15 мың тұрады, Маңғыстаудың жылы жағажайында Rixos біреу болса, ол әрқашан қымбат болады және үнемі толып кетеді. Бурабайдағы Rixos-та солай. Бізге көбірек қонақүйлер қажет. Ол үшін бұл салада жеңіл несиелендіру іс-шарасын жүзеге асырған дұрыс. Сонда бизнес субъектілері көбірек болады, қарапайым әрі сапалы қонақүйлер пайда болады. Бәсекелестік болса, қызметін тиісті деңгейде ұсынбаған қонақүй келушілерді жоғалтады, олар басқа қонақүйді таңдайтын болады. Мұны жүзеге асыруды біз алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз», -деп түсіндірді вице-министр.
Ержан Еркінбаев, сондай-ақ, жалпы халық үшін неғұрлым қолжетімді және сапалы қонақүйлер салу қажеттігіне көптің назарын аударды.
«Халыққа қолжетімді, қарапайым демалыс орындарын салу қажет. Сондықтан біз қарапайым шипажайлардың, қарапайым отбасыларға арналған үш жұлдызды жайлы қонақүйлердің жобаларына назар аударамыз. Бес жұлдызды люкс деңгейдегі қонақүйлер пайда болып жатса жақсы, бірақ оларды осы сегментте өзін жайлы сезінетін бизнес иелері қолға алуы керек», - деп қорытындылады ол өз сөзін.