Мәслихат депутаттары қайырымдылық акцияларының бастамашысы болады – Смағұлов
Биыл Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде жергілікті өкілді орган депутаттары күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал етті. Elorda.info тілшісі мерейтой қарсаңында Астана қаласы мәслихатының VII және VIII шақырылым депутаты, әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, мәслихаттағы «Aq Jol» фракциясының жетекшісі Асқар Смағұловпен халық қалаулылары атқарып жатқан жұмыстар мен шешімін тапқан мәселелер жайында сұхбаттасты.
- Асқар Сайлаубекұлы, қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуы мен тұрғындардың әртүрлі мәселелерін шешудегі мәслихат депутаттарының рөлі қандай екенін айтып берсеңіз.
- Мәслихат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елорда тұрғындарының пікірі, ұсыныстары мен қажеттілігін жергілікті атқарушы органға жеткізетін және жалпымемлекеттік мәселелерді көтеріп, оның орындалуын қамтамасыз ететін өкілді орган. Яғни мәслихатты қала тұрғындары мен атқарушы биліктің арасындағы көпір деуге болады. Депутаттар шешім қабылдайтын соңғы инстанция емес, алайда біз елордалықтардың қажеттіліктерін ескеріп, оны шешуге бар күшімізді саламыз. Бізде барлық мемлекеттік органдармен және қалалық әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерімен байланыс жолға қойылған. Жұмысымыздың нәтижелі болуына, шешімдер мен тапсырмалардың сапалы орындалуына бұл да ықпал етеді.
- Қалалық мәслихат республикалық деңгейде заңдардың қабылдануына ықпал ете ала ма?
Әрине, Астана қаласы мәслихатының депутаттары Парламент Мәжілісі және Сенат депутаттарымен байланыста. Олардың отырысына қатысып, Астанаға қатысты мәселелерді көтеріп, шешу жолдары туралы ұсынысымызды жеткізе аламыз.
Бұған қоса тұрақты комиссия депутаттары Қазақстан Ресубликасы Парламентінің заңнамаларды қарау жөніндегі 6 жұмыс тобының құрамында бар. Олар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері және нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы»; 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы».
- Депутаттардың бастамасымен елордада қолайлы орта қалыптастыру және азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған көптеген іс-шаралар қолға алынды. Осы жайында толығырақ тоқталсаңыз.
Тұрақты комиссия мүшелері елорда әкімдігі жанындағы 22 комиссия мен жұмыс топтарының құрамына кіреді. Олардың отырысында қабылданған оң шешімдер өте көп. Мәселен, елордалық мәслихаттың шешімімен әлеуметтік жағдайы төмен балалардың жоғары оқу орындарында тегін оқуына жыл сайын гранттар бөлінеді. 2024-2025 оқу жылында жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларынан шыққан 150 түлекке ЖОО білім алу үшін грант бөлінді. Оның мөлшері оқу ақысына тең және қала бюджетінде осы мақсаттарға көзделген қаражат шегінен аспайды. Өткен жылы мұндай мүмкіндікті 100 адам пайдаланған болатын. Сонымен қатар балабақшаға баратын балалардың тамақтану шығындарын субсидиялау, «Жайлы мектеп» жобасы, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, спортты дамыту шаралары бар және 2024-2026 жылдарға арналған медицина саласын дамытудың кешенді жоспары жобасы қаралды.
Тұрақты комиссия депутаттарының бастамасымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысын бағалауға арналған «Birge» платформа әзірленді. Соның нәтижесінде көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, жауапкершілікпен қарауға және оларды ынталандыруға мүмкіндік туды. Елордамызда Түркия мемлекетінің тәжірибесі негізінде аутизм диагнозы қойылған балаларды оңалту орталығы ашылды. №2 көпсалалық ауруханада цифрлық қызметті дамыту бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін түркиялық әріптестермен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін біржолғы төлем мөлшері көбейді. Енді I топтағы мүдегектерге 69 000 теңге, II топтағы мүгедектерге 34 500 теңге, ал III топтағы мүгедектерге 17 250 теңге беріледі. Бұған дейін оның мөлшері 8 мың теңге шамасында болды.
Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға тіс протездеу мен санация жасатуға бөлінетін қаржы көлемі де айтарлықтай артып отыр. Биыл 3400 адам осы қызмет түрімен қамтылады, осы мақсатқа әрқайсысына бюджеттен 204 мың теңге қарастырылып отыр. Зейнеткерлерге, өзге елдердің аумағында болған соғыстарға қатысушыларға және Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан тұлғаларға емдеу-сауықтыру санаторийлерінде емделу құнының 75 % мемлекет есебінен төленеді. Сонымен қатар оларға санаторий таңдау мүмкіндігі беріліп отыр.
- Биыл елімізде мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл толды. Бұл датаны қалалық мәслихат қалай атап өтеді?
1994 жылы жергілікті өкілетті билік органдары - мәслихат жиналысына депутаттар сайлауы өткізілген болатын. Биыл барлық деңгейдегі мәслихаттар 30 жылдық мерейтойды атап өтеді. Елордамызда мерейтойлық күнге орайластырылған бірқатар мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр, ал депутаттар қайырымдылық акцияларының бастамашысы болады. Жалпы мәслихат депутаттары мерейтойлық датаны қайырымдылыққа, ізгі істерге арнайтын болады.
-Сұхбатыңызға рахмет!