00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

МҚІА төрағасы Жамбыл облысында кездесулер өткізді

19 наурыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
МҚІА төрағасы Жамбыл облысында кездесулер өткізді
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

МҚІА төрағасы Жамбыл облысында кездесулер өткізді, деп хабарлайды Elorda.info Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.

Облыс активімен кездесуде Дархан Медеғалиұлы қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласында «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына сай келетін жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

Агенттік төрағасы сервистік мемлекеттік аппаратты және жеке сектордан мамандарды тартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыру шаралары ашықтық, әділдік және меритократия қағидаттарын ілгерілетуге бағытталғанын айтты. Кездесу барысында өңірде мемлекеттік қызметке кәсіби мамандарды тартудың заңнамалық тетіктері мен тәсілдері талқыланды. 

Дархан Жазықбай өткен жылы «е-Qyzmet» жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп, сыртқы порталда мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленгенін және конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралғанын айтты. Биыл жаңа жүйеге 22 мемлекеттік орган қосылып отыр. Жамбыл облысы бұл жүйеге келесі жылы қосылады деп жоспарлануда. 

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен жастармен кездесуде МҚІА төрағасы жастар үшін мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталып, жоғары оқу орындарының үздік түлектерін аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тікелей тағайындауға қатысты агенттіктің жаңа шешімі жайлы баяндады. Сондай-ақ ол өңірлер үшін жас басқарушылар пулын қалыптастыруға бағытталған Өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің басталғаны және оның негізгі талаптары жайлы айтты. 

Еліміздің барлық өңірлерінде «Жас мемлекеттік қызметшілер мектептері» ашылғанын айта келе, жастарды осы мектептің жұмысына белсенді қатысуға шақырды. 

Кездесу аясында агенттік төрағасы Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің қатысушыларына, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы жобаларды іске асыруға белсенді қатысқан тұлғаларға алғыс хаттар табыстады. 

Сапар барысында агенттік төрағасы жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қызмет алушылардың заңды құқықтарын сақтау, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.

Сондай-ақ агенттіктің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті және Мемлекеттік басқару академиясы филиалының қызметкерлерімен сала бойынша өңірде атқарылатын жұмыстар тақырыбында кездесу өткізді.

Жұмыс сапарының соңында Дархан Жазықбай «Jambyl» телеарнасына арнайы барып, елімізде мемлекеттік қызметті дамытуға қатысты агенттіктің атқарып жатқан жұмыстары жайлы сұхбат берді.