Ұлттық ұланның 19 офицері магистр атанды

Ұлттық ұланның 19 офицері магистр атанды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Астанада Ұлттық қорғаныс университетінің жедел-тактикалық басқару буыны бойынша білім алған магистрант-офицерлерінің салтанатты бітіру рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, биыл университетті 150-ден астам магистрант тәмамдап, Қазақстан Қарулы Күштері мен өзге де әскерлер мен әскери құрылымдардың командалық құрамын толықтырады.

Биыл түлектер қатарында –  ІІМ Ұлттық ұланының 19 офицері бар. Сонымен қатар құқықтық тәртіп әскері атынан полковник Арман Искаков докторантураны аяқтап, диссертациясын сәтті қорғап, PhD ғылыми дәрежесіне ие болды.

Ұлттық қорғаныс университеті — еліміздің Қарулы Күштерінің әскери оқу орындарының оқу және ғылыми қызметін үйлестіретін ірі ведомствоаралық оқу-әдістемелік әрі ғылыми орталық саналады.

«Алда оларды әскери бөлімдер мен құрамаларды басқару, армиямыздың жауынгерлік дайындығы мен кәсібилігін арттыру сынды маңызды міндеттер күтіп тұр. Биыл біздің офицерлермен қатар, Қырғызстан мен Тәжікстанның да офицерлері білім алды. Бұл өзара әскери ынтымақтастық пен бауырластықты нығайтуға сеп болады», -  деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Сұлтан Камалетдинов.

Осы уақытқа дейін университетте 1,5 мыңнан астам жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық басқару буынының әскери мамандары дайындалды.

«Сіздерді әскери қызмет жолындағы тағы бір маңызды белестен сүрінбей өткендеріңізбен құттықтаймын. Университет қабырғасынан алған жоғары біліммен қатар, достық, қолдау рухын да өздеріңізбен бірге алып бара жатқандарыңызға сенімдімін. Бұл рух жылдар өте келе нығая түсіп, елдеріміздің қорғаныс қабілетін және бейбіт дамуын қамтамасыз етуге қызмет етеді», - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Абжанов түлектерге арнаған құттықтау сөзінде.

Салтанатты іс-шара соңында Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы және Ұлттық ұланның ән-би ансамблі бірігіп өнер көрсетті. Құрмет қарауылы ротасының сарбаздары қарумен саптық көрініс жасап, көрермендерге әсерлі дефиле тарту етті.

Әскери дәстүр бойынша, түлектер салтанатты маршпен сап түзеп, Ұлттық ұланның үлгілі- көрсетімді оркестрі сүйемелдеуімен «Атамекен» патриоттық әнін орындады.