Ұлттық ұлан сапында 5 тіл білетін сарбаз әскери борышын өтеп жүр

Бүгін, 11:38
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views87
Ұлттық ұлан сапында 5 тіл білетін сарбаз әскери борышын өтеп жүр
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан сапында полиглот сарбаз Владимир Копылов әскери борышын өтеп жүр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, оның ұлты – орыс. 20 жастағы сарбаз қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар тілдерінде еркін сөйлейді. Оның айтуынша, тіл үйрену арқылы сол халықтың мәдениетін, болмысын терең түсінуге болады.

«Ұлттық ұлан қатарына Шымкент қаласынан шақырылдым. Қазіргі таңда Кеңес одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момывшұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет етемін. Мен қазақ тілін мектепте үйрендім. Сондай-ақ бала кезімнен өзбек, түрік балаларымен ойнап, сол ортада өстім. Солармен араласып жүріп, тілді меңгеріп алдым. Жауынгерлік қызмет барысында көп тіл білуімнің пайдасы тиіп жатыр», - деді ол.

Жас сарбаз Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне 6 ай бұрын шақырылған. Бүгінде Владимир Копылов шаһарда қоғамдық тәртіпті күзетіп, туристерге жол көрсетіп жүр. Қазаққа – қазақша, өзбекке – өзбекше, ұйғырға – ұйғырша жауап беріп тұрған Владимирді көргенде, қаруластары да таңдай қағады.

Сондай-ақ ол түркі тілдерінің ішіндегі сирек қолданылатын қарашай, қарақалпақ және ноғай тілдерінде сөйлей алады.

Зерек жігіт тіл білумен ғана шектелмейді. Сонымен қоса, ол бос уақытында қаруластарының шаштарын қиып береді.  Және мобилограф ретінде әскери өмірдің қызықты сәттерін бейнеге түсірумен айналысады. Сөйтіп, ол әскери бөлімнің әлеуметтік желідегі имиджін қалыптастырып жүр.