Ұлттық ұланға Ақтау және Павлодар облыстарынан жас шақырылым барды

Ұлттық ұланға Ақтау және Павлодар облыстарынан жас шақырылым барды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Ұлттық ұланның қатарын еліміздің өңірлерінен келген жас жауынгерлер толықтырып жатыр. 5571 және 5573 әскери бөлімдеріне Маңғыстау және Павлодар облыстарынан әскерге шақырылғандардың алғашқы легі барды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтау қаласының жастары Отан қорғау үшін Алматыдағы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің табалдырығын аттады.

Бөлім командирі полковник Мақсат Баймағұлов әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде қарсы алып, жасаған таңдауларының маңыздылығына тоқталды:

«Бүгін – ерекше күн. Еліміздің батысынан келген жас жігіттер құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлік құрамына еніп отыр. Әскери қызмет — батылдық пен жауапкершілік жолы. Осы жолдағы қадамдарыңыз өмір мектебінің бастамасы болсын», - деді ол.

Көп жастар үшін бұл мегаполисқа және әскери тәртіпке деген алғашқы адым десек те, жас жауынгерлердің қызметке деген құштарлығы жоғары.

Солардың бірі, кәмелет жасындағы Аманат Бегениш өз әсерімен бөлісті.

«Ес білгелі Ұлттық ұланда қызмет етуді армандадым. Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының есімімен аталған әскери бөлімге түскеніме қуаныштымын. Бұл нағыз ер азамат, елжанды Отан қорғаушы болуға берілген мүмкіндік деп білемін», - деді ол.

Астанада орналасқан 5573 әскери бөлімі Павлодар облысынан келген шақырылушылардың тобын қабылдады.

Әскери бөлім оларды белгіленген тәртіпке сай қарсы алды: болашақ Отан қорғаушыларға тиісті нұсқамалар берілді, медициналық тексеріс жүргізілді, киім-кешекпен қамтамасыз етілді және казармаға орналастырылды. Енді олар саптық, физикалық және атыс дайындығын шыңдайтын, жарғылар мен бөлім дәстүрлерін үйрететін 40 күндік жас жауынгер курсынан өтеді.

Айта кетейік, елордалық бригада қолбасшылығы жас толықтырылым әскери бауырластықтың дәстүрлерін жалғастыра отырып, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті абыроймен қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Ұлттық ұландағы қызмет — тек батылдық мектебі ғана емес, Қазақстандағы құқықтық тәртіп пен тұрақтылық күзетіндегі әр азамаи үшін абырой. Ақтау және Павлодар облысынан келген жас толықтырылым осы жауапты жолдағы алғашқы қадамдарын жасады.