Итальяндық қос медиа Қазақстан туралы арнайы жобалар әзірлеп жатыр


Қазақстан екі ірі итальяндық медиа алаңында шетелдік аудиторияға таныстырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап.
Елімізге алғаш рет әйгілі «Donnavventura» тревел-бағдарламасы және Еуропадағы ең көне басылымдардың біріне айналған Corriere della Sera құрамындағы «Cook» гастрономиялық журналының түсірілім топтары келді.
Италияның танымал «Donnavventura» бағдарламасы 35 жылдан астам уақыт бойы Rai 2 телеарнасынан көрсетіліп келеді. Бұл жоба деректі реалити-шоу мен экспедиция форматын ұштастырады. Бұл жолы шығармашылық топ Қазақстан туралы арнайы digital-шығарылымдар сериясын YouTube пен Instagram желілері үшін дайындауды ұйғарған.
Түсірілім Астана қаласынан басталды. Бағдарлама жүргізушілері «BaiQymyz» гастрономиялық фестиваліне қатысып, ұлттық тағамдарды дәм татты және дәстүрлермен танысты.
«Бұл - көшпелі дәстүрлерге жарқын саяхат: музыка, киіп көруге болатын ұлттық киімдер, киіз үйлер және жергілікті тағамдардан дәм тату. Итальяндық рагуға ұқсайтын қуырдақ ерекше әсер қалдырды және өте дәмді болды», - деп атап өтті «Donnavventura» тревел-бағдарламасының түсірілім тобының өкілдері.
Түсірілім барысында қаланың бірқатар көрнекті орындары қамтылды: Бас мешіт, Есіл өзенінің жағалауы, «Сауран» базары. Сонымен қатар итальяндық бағдарламада «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағының көркем ландшафттары да көрсетіледі. Елдің мәдениетін таныстыру үшін жергілікті тұрғындармен түсірілімге ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстан туралы арнайы шығарылым дайындауға келген «Cook» журналының журналистеріне Астанада гастротур ұйымдастырылды. Олар жергілікті асханамен танысып, 50 Best Discovery тәрізді беделді халықаралық рейтингтерге енген мейрамханаларды аралады. Qazaq Gourmet мейрамханасында авторлық тағамдардың дайындалу процесі ұсынылды. Ал «Qazaq Geography» ұйымында қазақтың шай рәсімі, ұлттық таңғы астар мен десерттер, сүр ет дайындау әдісі көрсетілді.
«Соңғы екі жылда Италиядан келетін туристер саны екі еседен артық өсіп, 17 мыңнан асты. Оған 2022 жылы «Neos Air» компаниясымен Милан мен Алматы арасында тікелей рейстердің ашылуы, екі елдің туроператорлары арасындағы әріптестіктің дамуы және Қазақстан туризмінің Италиядағы елшінің тағайындалуы ықпалын тигізді. Бүгінде жетекші халықаралық медиа өкілдері Қазақстан туризміне үлкен қызығушылық танытып, өз ынталарымен түсірілімге келуде. Біз өңірлердегі визит-орталықтармен бірге түсірілім жұмыстарының логистикасын ұйымдастыруға көмектесеміз. Бұл - еліміздің туристік әлеуетін шетелдік нарықтарда ілгерілетуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Италиялық медиа өкілдері Алматы қаласы мен Алматы облысының көрікті жерлерін де өз аудиториясына таныстырады. Түсірілім жұмыстары Neos Air әуе компаниясының, Итало-қазақ сауда қауымдастығының, Visit Astana, Almaty Tourism Bureau және Алматы облысы Туризм басқармасының қолдауымен өтуде.



