Елімізде тұрғылықты жері бойынша тіркеу толықтай онлайн форматқа ауыстырылады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, «Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу» және «Қазақстан Республикасы азаматтарының уақытша болатын (тұратын) жері бойынша уақытша тіркеу» мемлекеттік қызметтерін электрондық форматта көрсету бойынша пилоттық жобаны әзірледі. Бүгінде бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында талқылауға ұсынылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Пилоттық жоба мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру және тиімділігін арттыру мақсатында әзірленді.
Оның аясында жеке тұлғалар үшін «Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жері бойынша тіркеу» және «Қазақстан Республикасы азаматтарының уақытша болатын (тұратын) жері бойынша уақытша тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тек қана онлайн форматқа ауыстырылатын болады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл қызметті офлайн түрде пайдалану мүмкіндігі тек кейбір санаттағы қазақстандықтар үшін ғана қолжетімді болады.
«Халыққа қызмет көрсету орталығына тек тұрғын үй иесі кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз азамат болған жағдайда ғана жүгінуге болады. Себебі, мұндай тұлғалардың «Электрондық үкімет» порталының жеке кабинетін пайдалану мүмкіндігі жоқ»,- делінген министрлік хабарламасында.
Ал 18 жасқа толмаған балаларды тіркеуді олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері жүзеге асыра алады. Бұл функция қазірдің өзінде «Электрондық үкімет» порталында қолжетімді.
Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2026 жылдың 30 маусымға дейін жоспарланған.
Ал талқылау 2025 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады.



